Исламда өлім жазасы қандай қылмыстар үшін қолданылады?

Бұл мақаланы құрастыруда негізгі көз ретінде шейх Абдуль-Мухсин әл-Аббәд әл-Бәдрдің «Қандай ақыл-парасат және дін терактілерді джихад деп атай алады?! Уа, жастар, естеріңді жиыңдар!» еңбегі, www.Toislam.ws сайтының осы еңбекке жасаған ескертпелері және осы тақырыпқа қатысты басқа да мақалалары қолданылды.

Қақысыз адам өлтіру; үйленген адамның зина жасауы; діннен шығу

Пәк және Ұлы Аллаһ былай деді: «Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді: азатқа – азат, құлға – құл, әйелге – әйел». (әл-Бәқара, 2: 178).

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Өзінің дінін ауыстырғанды өлтіріңдер», – дейтін. әл-Бухари 6922.

Абдуллаһ ибн Мас‘удтан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш жағдайдан басқа кезде мұсылманның қанын төгуге рұқсат етілмейді: зинақорлық жасаған үйленген адамды өлім жазасымен жазалау кезінде, өмір үшін өмірді алған кезде; және біреу діннен шығып үмметті тастап шыққан кезде». әл-Бухари 6878, Муслим 1676.

Хафиз Ибн Касир: “Егер қандайда бір адам хадисте айтылғандардан бір нәрсе жасаса, оны өлтіруге әмірден және оның орынбасарынан өзге ешкімнің құқығы жоқ!” – деді. “Тафсир Ибн Кәсир” 2/373.

Хафиз Ибн Раджәб былай деп жазған: “Ислам осы үш жағдайда «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ және Мухаммад – Аллаһтың елшісі!» – деп куәлік беретін мұсылманның өмірін халәл ететінінде мұсылмандар арасында келіспеушіліктер жоқ”. “Джәми‘уль-‘улюми уәл-хикәм” 197.

Ғалымдар мұсылмандардың қанын (төгуге) рұқсат ететін басқа әрекеттерге қатысты бір ауызды келісімде болмағанына қарамастан, бәрібір, мұсылманның өмірін (алуды) рұқсат ететін басқа амалдарға да нұсқайтын сахих хадистер бар.

Гомосексуализм

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Лут қауымының күнәсін жасап жатқандарды көрсеңдер, жасап жатқанын да, жасатып жатқанын да өлтіріңдер!» Әбу Дауд 4462, әт-Тирмизи 1/275. Хадис сахих. “Ируәуль-ғалиль” 2350.

Бұл жағдайда мұндай жиіркенішті күнәні жасаушы үйленген-үйленбегеніне қаралмайды.

Жануармен жыныстық қатынас жасау

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Жануармен жыныстық қатынас жасағанды өлтіріңдер, сондай-ақ, жануардың өзін де өлтіріңдер!» Әхмәд 1/269, Әбу Дауд 4464, әд-Дарақутни 1/341. Хадис сахих. “Ируәуль-ғалиль” 2348.

Төрт рет жария түрде шарап ішу

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Егер адам шарап ішсе, оны сабаңдар. Егер ол тағы да ішсе, оны тағы да жазалаңдар. Егер тағы да ішсе, тағы да жазаға тартыңдар. Бірақ, егер ол төртінші рет ішсе, онда оның басын шауып алыңдар!!» Әбу Дауд 2/473, Ибн Маджәһ, Ибн Хиббән 1519. Хадис сахих. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 1360.

Шарап ішкені үшін сабау жазасы мұны жария істейтін және ислам мемлекетінде мас күйінде ұсталған адамға қатысты қолданылады.

Ғалымдардың көпшілігі төртінші рет мас күйінде ұстап алған адамды өлтіру керек деген хадистің күші жойылған деп есептеген. Алайда, бұл хадистің күшінің жойылғандығына ғалымдардың сөздерінен басқа ешқандай дәлел жоқ. Ал Өзін-өзі дінін сақтауға міндеттеген Аллаһ күші жойылған мәтін бізге жетіп, күшін жоюшы мәтін жетпей қалатындай істегені, мүмкін бе?!

Шейх әл-Әлбәни былай деді: “Бұл хадистің күші жойылған деп айтылған, алайда бұған дәлел жоқ, және бұл әмір өз күшіне ие, бұл жөнінде шейх Әхмәд Шәкир имам Әхмәдтың «әл-Муснадына» 9/49 жасаған шархында түсіндіргеніндей. Алайда, біз мұны ғибратқа қатысты дейміз. Яғни егер әмір төртінші рет шарап ішкен адамды өлім жазасымен жазалау керек деп шешсе, ол өлтіріледі, ал солай деп шешпесе, онда – жоқ. Бірақ, бұл сабауға (дүре соғуға) қатысты емес, өйткені әрбір шарап ішкені үшін сабау (дүре соғу) қажет! Және бұл пікірді шейх Ибн әл-Қайим, Аллаһ оны рақым етсін, таңдаған”. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 3/348.

Билікке таласу және мұсылмандардың үмметін бөлуге талаптану

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендер екі халифаға ант берсеңдер, олардың біреуін өлтіріңдер!» - деді. Муслим 1853.

Сондай-ақ, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Егер сендер бір әмірдің қоластында біртұтас болсаңдар және сендердің біртұтастықтарыңды бөліп тастағысы келген біреу келсе, ол кім болса да, оны өлтіріңдер!» Муслим 1853.

Бұл хадистерде түрлі ағымдардың түрлі жетекшілері туралы емес, мұсылмандардың заңды әмірлері туралы айтылып тұр!

Бидъатқа шақыру, қарақшылық және бүлік

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) хауәридждерге қатысты былай деген: «Сендер оларды қай жерде кездестірсеңдер де – өлтіріңдер, оларды өлтірген Ақырет күнінде сый алады». әл-Бухари 3611, Муслим 1066.

Хауәридждерді өлтіру туралы бұйрық келген хадистерге сүйеніп, ғалымдар бүлікшілермен және қарақшылармен соғысуға рұқсат берген. Бұған, сондай-ақ, Құранның мына аяты да растау болады: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасауға ұмтылып жүргендердің жазасы – өлтірілулері, не аяқ-қолдарын керіп шегеленулері, яқи қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе елден айдалулары. Бұл – олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар». (әл-Мәидә 5: 33).

Сондай-ақ, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруге бұйырған, бірақ Али оны таба алмаған адам туралы хадис те (осыған нұсқайды). Онда Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер ол бүгін өлтірілгенде, менің үмметімнен тіпті екі адам ешқашан келіспеушілікте болмас еді!» Абу Я’лә 6/340, әд-Дарақутни 2/54, Ибн Абу ‘Асым 938. Хафиз әл-‘Ирақи және шейх әл-Әлбәни хадистің сахихтығын растаған.

Осы хадиске сүйеніп, имам Мәлик және басқа да ғалымдар бидъаттарына шақыратын бидғаттың жақтаушыларын, мұсылмандарды олардың бүлігінен құтқару үшін, өлтіруге рұқсат етілген деп санайтын еді. Бидъаттың жақтаушысына дәлел ұсынылғаннан соң, егер ол өзінің бидъатшыл көзқарастарынан бас тартпаса, мұсылмандардың әмірі оны өлім жазасына кесуіне болады. Бұл пікірді алғашқы буынның көптеген имамдары ұстанған. Мысалы, Халид ибн Абдуллаһ әл-Қасри есімді әмір Құрбан айт күні джәхмилердің басшысы әл-Джә‘д ибн Дирхамды өлім жазасымен жазалап, мұсылмандардың алдына шығып былай деді: «Йә, мұсылмандар! Өздеріңнің құрбандарыңды шала беріңдер, ал мен өзімдікін шалдым, өйткені, мен «Аллаһ Ибраһимді өзінің сүйіктісі етпеді, және Аллаһ Мусамен сөйлеспеді!» – деп айтатын Джә‘д ибн Дирхамды бауыздадым!” әл-Бухари “Хәлқуль-аф‘әл” 29, әз-Захаби “әс-Сияр” 5/432.

Анас ибн Малик былай деп баяндайтын: “Кезінде ‘Укль тайпасының адамдары Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Исламды қабылдады. Мәдинада болған кезде олар сырқаттанды және Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларға белгілі бір уақыт сауылмалы түйелердің зәрін ішуді әмір етті. Олар бұйырылған жерге аттанды, ал сауыққан соң діннен шығып, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) шопанын өлтірді және түйелерін айдап алып кетті. Мәдинада бұл жөнінде күннің ортасында естіді және Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) олардың ізінен құғыншыларды жіберді. Түске таяу қалғанда олар Мәдинаға жеткізілді және пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) олардың аяқтары мен қолдарын шабуды және көздерін шоқпен күйдіруді бұйырды. Кейін оларды осылай болған күйінде өлуге тастады”. әл-Бухари 233, 4192, 6802, Муслим 1671.

Сиқыршылық

Хадисте: «Сиқыршы қылыштың соққысымен жазаланады», – деп келген. Алайда, ғалымдар бұл хадис әлсіз (даиф) екендігіне бір ауызды келіскен. “Тухфәтуль-мухтадж” 2/447, “Фәтхуль-Бәри” 10/236.

Имам әт-Тирмизи және имам әз-Захаби былай деген: “Бұл сөздер Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) емес, Джундуб деген сахабаға тиісті екендігі – сахих түрде мәлім”. «әл-Джәми‘» 2/132, «әл-Кәбәир» 78.

Бәджәлә ибн Абәда былай деп баяндайтын: “Умар ибн әл-Хаттаб әрбір сиқыршы әйел мен еркекті өлтіру туралы жарлық шығарды, және біз олардың үшеуін өлім жазасына тарттық”. Әхмәд 1/190, Әбу ‘Убәйд 1/35. Иснәді сахих.

Сондай-ақ, Хафсадан, ол өзін сиқырлаған күңін өлім жазасына тартылуын бұйырғаны және ол өлтірілгені жеткізіледі. Абдуллаһ ибн Әхмәд “әл-Мәсаиль” 1543. Иснәді сахих.

Сиқыршылықпен айналысқаны сенімді түрде анық болған сиқыршыны ислам мемлекетінде өлім жазасына тарту керек деген пікір күштірек болып табылады. Умардың сиқыршыларды өлтіру туралы бұйрық шығарғаны және сахабалар оған наразылық танытпағаны – олардың мұны құптағанын көрсетеді.

Мұсылмандарға қарсы тыңшылық жасау

Мәлики мазхабының кейбір ғалымдары және ханбәли мазхабының имамы Ибн ‘Ақиль мұсылмандардың құпияларын кәпірлерге жеткізетін тыңшы-мұсылманды өлім жазасына кесуге болады деп есептеген. Дәлел ретінде олар мұсылмандар Меккені бағындырудан алдын қурайштарға хат жазып, хатында оларды Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жоспарлары туралы хабардар еткен Хатыб ибн Әбу Бәлта‘а туралы хадисті келтіреді. Және Умар: «Йә, Аллаһтың Елшісі, оның басын шауп тастауыма рұқсат бер!» – деп сұрағанда, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның бұл сөздеріне наразылығын білдірмеді, алайда: «Ақиқатында, ол – Бәдр шайқасының қатысушысы», – деп ескертіп айтты. әл-Бухари 4890, Муслим 2494.

Хафиз Ибн Раджәб былай деп жазған: “Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Хатыб оның өмірін (алуды) рұқсат ететін нәрсе жасамады», – деп айтқан жоқ, алайда ол оны өлтіруге тосқауыл болатын себепке нұсқады, ал бұл – оның Бәдр шайқасына қатысқаны еді. Ал, Аллаһ Тағала Бәдр шайқасына қатысқандардың күнәларын кешіріп қойды. Бірақ, бұл себеп олардан кейін ешкімге қатысты жүрмейді”. “Джәми‘уль-‘улюми уәл-хикәм” 201.

Бірақ, бұл мәселеде, тыңшы мұсылманды өлім жазасына кесукеек пе, әлде жоқ па дегенде келіспеушіліктер бар? Екі тарап та бұл пікірлерінде Хатыбтың оқиғасы келтірілген бір хадиске сүйенеді. Ғалымдардың көпшілігі, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хатыбты өлтіруге рұқсат етпегеніне сүйеніп, бұған тыйым салды, ал кейбір имамдар тіпті бұл мәселеде бірауызды келісім бар деп жеткізген.
Хафиз Ибн Хаджәр: “әт-Тахауи тыңшы-мұсылманды өлтіруге тыйым салынғандығы туралы бір ауызды келісімді (иджмәъны) жеткізген! Ал шәфиъилер және көпшілік (джумхур): егер осындайдыжасаған адам жақсы адамдардан болса, онда оны насихаттау және кешіру керек деген. Имам әл-Әуза’и де осылай деген”, – деп айтады. “Фәтхуль-Бәри” 12/310.

Имам Ибн Баттәл былай деген: “Тыңшы мұсылманды өлтіру туралы айтатындарға келер болсақ, олар (Хатыб туралы) бұл хадиске және ғалымдардың пікіріне қайшы келеді, сондықтан бұл сөздердің күші жоқ! Имам әт-Тахауи былай дейтін: «Егер мұсылман адам осындайды істесе, оның қаны халәл болмайды дегенге келіспеушілік болмаған!». Және әт-Тахауи мәликилердің және басқа да кейінгі ұрпақтардың пікірін, ол осы хадиске қайшы болғандықтан, қабылдады!” “Шәрх Сахих әл-Бухари” 5/164.

Ал бұл мәселедегі ең жақсы пікірге келсек, бұл – осы мәселедегі үкім мұсылмандардың әмірінің шешіміне қайтарылады деген пікір, егер ол кәпірлерге мұсылмандарға қарсы көмек берген кісі басқаларға сабақ болу үшін өлім жазасына лайық деп шешсе, онда ол өлм жазасына кесіледі. Егер ол мұны істеудің қажеті жоқ, өйткені ол қателесті және өзі де – жақсы мұсылман болып табылады деп ұйғарса, онда оған тиіспей қалдырады және насихат айтылады! Бұл, сондай-ақ – имам Мәликтің пікірлерінің бірі, және оны шейх Ибн әл-Қайим де таңдаған. “Задуль-мә’ад” 3/423.

Алайда, осы жерде ескертіп кету қажет болған бір жағдай бар: бұл – егер кәпірлерге көмектескен мұсылман осындай әрекеті үшін өлім жазасына тартылса, осы – оның кәпір болатындығына нұсқау болмайтындығы. Ақиқаттың жеңілуін қалап және күпірлікті құптап мұсылмандарға қарсы кәпірлерге көмектескен (адам) ғана кәпір болады. Бірақ мұндай нәрсе дүние пайдасы үшін істелген болса, ол – күпірлік болмайды, бірақ, үлкен күнә болып табылады!

Имам әл-Қуртуби былай деді: “Мұсылмандардың құпияларын олардың дұшпандарына дүние пайдасы үшін хабарлайтын адам, егер оның ақидасы дұрыс болып қала берсе, кәпір болмайды. Діннен шығуды қаламаған Хатыбтың әрекеті дәл солай болды”. “Тафсир әл-Қуртуби” 12/52.

Хафиз Ибн Касир, сондай-ақ, былай деді: “Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хатыб мұны қурайшттерде болған өзінің мал-мүлкі мен балалары себепті істегенін білгенде, оның ақталуын қабыл етті”. “Тафсир Ибн Кәсир” 4/410.

Сондай-ақ, төрт имамның барлығы дүние мақсатын көздеп мұсылмандарың құпияларын айтып беретін тыңшы, осынысы үшін кәпір болмайды дегенге бірауызды келіскен және олардың осы пікірімен шейхуль-Ислам Ибн Таймия және оның шәкірті Ибн әл-Қайим де толық келіскен. “әс-Сарим әл-мәслюль” 2/372, “Задуль-мә’ад” 3/432.

Аллаһты және Оның Елшісін сөгу

Ғалымдар Аллаһты және Оның Елшісін (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) немесе пайғамбарлардың қайсы бірін болсада әдейі және саналы түрде балағаттаған (адам) да – өлім жазасына лайықты деп бір ауызды келіскен.

Ибн ‘Аббас Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) кезінде бір зағип ер кісі болғанын, оның әйелі үнемі Аллаһтың елшісін (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын)сөгетініні және мазақ ететінін баяндаған. Ол үнемі оған насихат айтып, бұған тыйым салатын, алайда ол осынысынан тыйылмайтын. Және түндердің бірінде ол шыдамы таусылып оны өлтірді. Ал бұл туралы хабар Аллаһтың Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткен кезде және әлгі кісі мұның себебіноағн түсіндіріп берген кезде, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Оның қаны халәл болғандығына куәлік беріңдер!» ән-Нәсаи 4070, Әбу Дауд 4361. Шейх әл-Әлбани хадистің иснәдін сахих дейді.

Ибн Умар былай деп баяндайтын: “Бірде Умар Аллаһтың Елшісін (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) балағаттаған адам туралы естігенде, оған келіп оны өлтірді де, кейін: «Аллаһтың Елшісін, немесе пайғамбарлардың қайсы бірін балағаттайтындарды өлтіріңдер!» – деді”. әл-Әсбәхани “Амәл”, Иснәді сахих.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Пайғамбарлардың қайсы бірін болса да балағаттайтын (адам) – мұсылмандардың бір ауызды келісімі бойынша (иджмәъ) өлім жазасына лайықты!” “әл-Джәуәбу-ссахих” 2/371.

Міне осылар – мұсылманның қанын (төгуге) рұқсат ететін іс-әрекеттерге нұсқайтын Құран мен Сүннеттің мәтіндері, сондай-ақ, сахабалардан жеткен деректер (асәрлар). Бірақ, әрбір жеке жағдай мұқият қаралу кажет. Хафиз Ибн Раджәб айтқандай, бұл жағдайлардың барлығы жоғарыда атап өтілген хадистің құрамына кіреді: «Үш жағдайдан басқа кезде мұсылманның қанын төгуге рұқсат етілмейді: зинақорлық жасаған үйленген адамды өлім жазасымен жазалау кезінде, өмір үшін өмірді алған кезде; және біреу діннен шығып үмметті тастап шыққан кезде». әл-Бухари 6878, Муслим 1676.

Ал Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жер бетінде жазалау (хадд) жасалатын бір күн жер тұрғындары үшін қырық жыл жауатын жаңбырдан қайырлырақ!» – деген. Ибн Мәджәһ 2537, 2538. Хадис хасан. “әс-Сильсилә әс-сахиха”.

Мұсылманның қанын рұқсат ететін себептер нұсқалатын әлсіз хадистер

Сондай-ақ, бұл тақырыпқа қатысты бірнеше хадистер кездеседі: «Өз әкесін ұрғанды өлтіріңдер», сондай-ақ: «Бесінші рет ұрлық жасаған ұрыны өліммен жазалау керек».

Алайда, бұл хадистер, бұл жөнінде хафиз ибн Раджәб айтқандай, сенімді емес және дәлел ретінде қабылданбайды.

Жазалауды (хадд) тек мұсылмандардың әмірі қолдана алатыны туралы

Жазаны іске асыруға кез-келген адамның құқығы жоқ және бұған тек ислам еліндегі мұсылмандардың әмірі ғана құқықты екендігін, және осы (жазалау) тек оның рұқсатымен ғана орындалатынын ерекше атап өту қажет. Және жазалауды (хадд) тек мұсылмандардың әмірі ғана қолдана алатындығы жөнінде ғалымдар арасында ешқандай келіспеушіліктер жоқ.

Имам аш-Ширази былай деп айтатын: “Еркін адамдар үшін (құлдар үшін емес, өйткені құлдарды олардың иесі өлім жазасынан өзге жазамен жазалай алатын еді) жазалауды (хадд) мұсылмандардың әмірінен, немесе әмір осыны тапсырған адамнан басқа ешкім қолданбайды! Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған иілігі мен сәлемі болсын) кезінде оның рұқсатынсыз ешкім жазалауды орындамайтын!” “әл-Мухаззаб” 2269

Имам ән-Нәуәуи былай деді: “Ғалымдар: «Қылмыстар үшін жазалауды мұсылмандардың әмірінен басқа ешкім атқармайды», – деген”. “Шәрх сахих Муслим” 3/438.

Сондай-ақ, имам ән-Нәуәуи Умар өлтіруге рұқсат сұраған Хатыб туралы хадиске жасаған шархында былай деген: «Бұл хадисте тыңшылық адамды Исламнан шығармайды дегенге нұсқау бар! Ал, сондай-ақ, онда ешкім мұсылман әмірінің рұқсатынсыз жазалауды (хадты) орындауға және өлтіруге тиісті болған адамды өлтіруге құқықты емес дегенге нұсқау бар!” “Шәрх Сахих Муслим” 7/539.

Имам Ибн Муфлих былай деді: “Жазаны (хадд) тағайындауға әмірден (имамнан) немесе оның орынбасарынан (наибынан) өзге кез-келгенге тыйым салынады”. «әл-Фуру’» 6/53.

Имам әл-Қуртуби былай деді: “Жасалған қылмысқа тең мөлшердегі есені (қысас) және жазаны тағайындауды тек әмір орындайтынына келіспеушілік жоқ”. «Тафсир әл-Қуртуби» 2/245-246.

Мұның үстіне, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Мұсылмандардың әмірі белгілі бір жерді басқаруға қойған адам (мухтасиб) өздігінше өлім жазасын немесе қол шабу жазасын қолдана алмайды ”. “Мәджму’уль-фәтауә” 28/109.

Тіпті мұсылмандардың әмірі құзыретті етіп тағайындаған адамның өзі жазалау туралы үкім шығару құқығына ие болмаса, онда қарапайым адамдардың өлім жазасын шығаруы туралы не атуға болады?! Бұл – Аллаһ тағаланың шариғаты қабылдамайтын анархия екендігіне еш күмән жоқ!

Күмәнді дәйекке жауап

Әш-Шә’би былай деп баяндайтын: “Бірде екі адамөзара айтысып қалғанда, олардың біреуі: «Кел ендеше біздің арамызда үкім шығару үшін Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүгінейік!» – деді. Ал басқасы: «Кел одан да яхуди Ка’б ибн әл-Ашрафқа барайық!» – деді. Ең соңында олар Умарға барды және айсушылардың біреуі болған оқиғаның барлығын оған баяндап берді. Умар Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүгінгісі келмеген адамнан: «Осылай ма?» – деп сұрады, ал ол: «Ия!» – деп жауап берді. Сонда Умар қылышын алып, оны өлтіріп тастады”. әт-Табәри 5/96.

Хауәридждердің жолының жақтаушылары жазаны кез-келген мұсылман қолдана алады, дегенге жиі жағдайларда осы оқиғаны келтіреді, өйткені, олардың айтуынша Умар оны өлтіру үшін Пайғамбардан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) рұқсат сұрамады.

Бұған жауап мынандай:

Біріншіден, бұл деректің иснәді, бұл жөнінде Ибн Хаджәр айтқандай, сахих болғанымен, ол мурсәл түрінде, яғни риуаятшылар тізбегі табиъинге тіреліп тоқтайды. Осы сияқты дерек Ибн ‘Аббастан да жеткізіледі, алайда оның жеткізушілерінің арасында өтірікші болған және оның хабарларлары қабылданбаған әл-Қалби, сондай-ақ Ибн ‘Аббаспен мүлде кездеспеген, сондықтан да мұны одан естуі мүмкін болмаған Әбу Салих бар.

Екіншіден, бұл хабарлар нақты сахих болған жағдайда да, оларда кез-келгендерге әмірдің білуінсіз жаза қолдана беруге болады дегенге нұсқау жоқ. Умардың Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанындағы мәртебесі мен орнын ескерген түрде Аллаһтың Елшісінің өзі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Умарға бұл адамды өлтіруге әмір еткен болуы мүмкін еді.

Үшіншіден, дәлел келтірудің мұндай түрі Исламда анық (мухкам) дәлелдерге және ғалымдардың бір ауызды келісілген пікіріне қайшы келетін муташәбих (күмәнді, түсініксіз) деп аталады. Өйткені, сахабалар өлім жазасына лайық болғандардың кез-келгенін Пайғамбардан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) рұқсат сұрамай өлтіре берді деп жеткізілмеген! Бұған қоса, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзі жазалауды мұсылмандардың әмірімен байланыстырған. Ол: «Бекітілген жазалардықолдануқажетболған нәрселерді маған жетпей жатып бір біріңе кешіріңдер, өйткен, жазалардың маған жеткенін орындау қажет болады!» ән-Нәсаи 3/173. Хадис сахих. “Мишкәтуль-мәсабих” 3568.

Сондай-ақ, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Имам (әмір) жазаны, егер ол оған дейін жеткен болса, міндетті түрде орындауы керек!» Әхмәд 1/438, әл-Хаким 4/382. Хадис сахих. “әс-Сильсилә әс-сахиха” № 1638.

Ал егер жазаны тағайындауға және іске асыруға кез-келген мұсылманның құқығы болғанда, пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жазалауды дәл әмірмен байланыстырмайтын еді!

Бірде әз-Зубәйр ибн әл-‘Аууәм ұрыны ұстап алған және оны әмірге жетектеп апарғысы келген бір кісіні кездестірді. Әз-Зубайр ұрыға араша түсіп, оны босатып жіберуді қалады. Алайда оны ұстап алған адам: «Жоқ! Мен оны әмірге алып бармағанымша (жібермеймін)!» – деді. Сонда әз-Зубайр былай деді: «Егер іс әмірдің құзырына жеткен болса, онда Аллаһ араша түсушіне де, арашаланатынды да лағнеттейді». Мәлик 1/380.

Егер сахабалар ұрлық үшін қол кесу сияқты жазаны өздері қолданбай, мұны әмірмен байланыстырған болса, онда олар өлім жазасын өзінің ұйғарымы бойынша іске асыратын еді дегенді тіпті елестету қиын!

Алынған көзі: Salaf-forum.ru