Назарларыңызға «Хауәридждер және олардың қазіргі заман идеологиялары» кітабының екінші «Хауәридждердің Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабалары және үмметіміздің имамдары сипаттаған ең кең таралған ерекшіліктері мен сипаттары» атты бөлімін ұсынамыз.
Имам әл-Әджурри былай дейтін: “Алғашқы және одан кейінгі ұрпақ ғалымдарының арасында хауәридждер – Аллаһқа және Оның Елшісіне бағынбаған ең жаман адамдар екендігіне келіспеушілік болмаған. Олардың сан-алуан оразалары, намаздары және ыждағатты ғибадаттары оларға ешқандай пайда келтірмейді. Және тіпті олардың ашық түрде жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыйуы да оларға көмектеспейді, өйткені олар Құранды өздерінің әуестері мен қалауларына сәйкес тәпсірлейді! Бізді олардан Аллаһ пен Оның Елшісі, және ізгі халифалар мен сахабалар, сондай-ақ олардың ізбасарлары да сақтандыратын!” “әш-Шәри’а” 1/21.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде хауәридждердің сектасы ислам әлемі үшін қандай қауіптілік төндіретіні түсінікті болады. Бұл сектаның пайда болуы туралы бір неше рет айтылған пайғамбарлық ескертулер және оның өзінің, оның сахабаларының және үмметіміздің ұлы имамдарының одан сақтандыруы бұл сектаның ерекше зияндылығына нұсқайды және барлық мұсылмандарды хауәридждерге тән сипаттар мен ерекшіліктерді біліп, олардан қашқақтауға міндеттейді. Өкінішке орай, біздің кезімізде көптеген мұсылмандар өздерінің надандығына байланысты хауәридждердің кейбір сипаттары мен ерекшіліктерін, өздері осы туралы білмей, алып жүр.
Айтып өткеніміздей, хауәридждер жиырма шақты топқа бөлінген және олардың көзқарастары бір-бірінен ерекшеленетін болды. Алайда біз тек олардың ең кең таралған сипаттары мен ерекшеліктерін түсіндірумен шектелеміз. Және кім солардан алыс болса, онда Аллаһ өздерін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Оттың иттерінің иттері!» деп айтқан олардың сипаттарынан сақатағаны үшін Оған шүкіршілік айтсын.
1. Олар мұсылмандарды үлкен күнәлар жасағандығы үшін күпірлікте айыптайды
Бұл – хауәридждердің ең танылған ерекшелігі, алайда олардың араларында мұсылмандарды тіпті кіші күнәлар жасағандары үшін күпірлікте айыптайтындары да болған. Қараңыз: «әд-Дурар» 1/360.
Хауәридждердің күнәхар мұсылмандарды күпірлікте айыптауы ислам үмметіндегі келіспеушіліктерге бастау болды.
Хафиз Ибн Рәджәб былай деп жазады: “Бұл үмметтегің ең алғашқы келіспеушілік – бұл хауәридждердің күнәхар мұсылмандар кәпір болады деп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен келіспеушіліке келуі болды. Олар оларды кәпір деп атады және өмірі мен мал-мүлкін рұқсат етіп, кәпірге қатысты істейтіндерді оларға істеді. Содан соң олардан кейін күнәхар мұсылмандар мұсылмандарға да, кәпірлерге де жатпайтынын мәлімдеп, орташа бір жағдай туралы айтатын муътазиләлардың келіспеушілігі пайда болды. Кейін пасық мұсылман толыққанды иманға ие деп айтатын муржилердің келіспеушілігі пайда болды!” Қараңыз: «әл-Джәми’» 1/114.
Хауәридждер мұсылмандарды Құран мен Сүннетте «күпірілік», немесе оларды істеген адам Тозаққа түседі деп аталған күнәларды істегені үшін күпірлікте айыптайды. Бұл олардың дін негіздерін мұлдем білмейтінін және олардың шариғат мәтіндерін түсінуінің деңгейін растайды. Ия, расында да, көптеген үлкен күнәлар Құран мен Сүннетте «күпірлік» деп аталады, алайда бұл оларды істеген адам үлкен күпірлікке түседі дегенді білдірмейді. Мұндай тәсіл осы күнәнің ерекше ауырлығына нұсқау үшін қолданылады, бірақ ешқашан адамды діннен шығаратын үлкен күпірлікте айыптау үшін емес. Мұндай күпірлік кіші күпірлік деп аталады. Дәл сондықтан да имам әл-Бухари өзінің сахихында мұндай хадистерді қамтыған бапты: «Күпірліктен төмен болған күпірлік» деп атаған. Айтылғанды растау үшін Джәбирдің былай деп айтқан хадисін келтіруге болады: «Өзінің иелерінен қашып кеткен кез-келген құл, оларға қайтып бармайынша, күпірлікке түседі». Бұл хадистің жеткізушілерінің біреуі болған Мәнсур былай деген: «Аллаһпен ант етемін, ол (Джәбир) бұл сөздерді Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген, бірақ мен олардың менің ауызымнан осы жерде, яғни Бәрсада риуаят етілуін қаламаймын». Муслим 1/45.
Мәнсурдың бұл хадисті Бәсрада айтқысы келмеуінің себебі – Бәсрада онсыз да мұсылмандарды күнәлар жасағандығы үшін күпірлікте айыптайтын хауәридждердің және муътазиләлардың көп болуы еді. Ол олардың бұл хадисті біліп, өздерінің адасушылықтарында мығыдалып, оны өздерінің көзқарастарын ақтау үшін қолданатынына қауіптенген болатын.
Хафиз Ибн ‘Абдуль-Бәрр былай деген: «Әһлю әс-Суннә уәл-джәмә’а, нақты айтқанда білім иелері, бірде бір мұсылман үлкен күнәлар жасағандығы үшін, олар қаншалықты үлкен болса да, Исламнан шықпайтынына бір ауызды келіскен!» Қараңыз: «әт-Тамхид» 16/315.
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Мұсылманды күпірлікте айыптаған – оны өлтірген сияқты!» әт-Табәрани. Хадистің сахихтығын әс-Суюты және әл-Әлбәни растаған. Қараңыз: «Сахих әл-джәми’» 6269.
Хузәйфә Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, мен сендер үшін Құранды оқитын және оның әдемілігі оның жүзінен байқалатын және Исламның қорғаушысына айналатын адамнан қорқамын. Кейін ол Құранды арқасына тастап қалдырады да, өзінің көршісіне қылыш алып тап береді және оны ширкте (көпқұдайшылықта) айыптайды». Хузәйфә: “Уа, Аллаһтың пайғамбары, олардың қайсысы көпқұдайшылдыққа жақын, айыптаушысы ма, әлде айыпталушысы ма?!” – деп сұрады. Ол: «Жоқ, айыптаушысы», – деді. әл-Бухари “әт-Тарих” 297, Ибн Хиббән 81. Хадистің сахихтығын имам әл-Хайсами, хафиз Ибн Кәсир және шейх әл-Әлбәни рәстаған. Сондай-ақ, “әс-Сильсилә әс-сахиха” 3201 қараңыз.
Имам әл-Әсбәхани былай деп айтатын: “Әһлю-Суннә уәл-джәмә’а, бірін-бірі күпірлікте айыптайтын хауәридждер, рафидилер және қадариялар сияқты бидъаттың жақтаушыларынан ерекше, бірін-бірі күпірлікте айыптамайды! Егер олардың жетеуі бір мәжілісте бас қосса, онда бірін-бірі күпірлікте айыптауының себебімен міндетті түрде тарап кетеді. Олар - Аллаһ олар туралы: «Яхудилер: «Христиандар тура жолмен жүрмейді», – деді, ал христиандар: «Яхудилер тура жолмен жүрмейді» (әл-Бәқара; 113), – деген яхудилер мен христиандар сияқты”. “әл-Худджә” 2/255.
Имам Әбуль-‘Аббәс әл-Әсам былай деп баяндайтын: “Бірде екі хауәридж Қағбаны айналып тауап жасап жүріп, бірі екіншісіне: «Мені мен сенен өзге бұл жаратылыстардың біреуі де Жәннәтқа кірмейді!» – деді. Екіншісі: «Жәннәттің кеңдігі көктер мен Жердің кеңдігіндей, ал ол тек сені мен мен үшін ғана жаратылған ба?» – деп сұрады. Біріншісі: «Ия!» – деп жауп берді! Сонда екіншісі оған: «Ол сен үшін», – деді де, оның сенімдерінен бас тартты”. әл-Ләләкәи: “Шәрх усуль әл-и’тиқад” 2317.
2. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандардың мал-мүлкі мен өмірін халәл деп санап,оларды күпірлірлікте айыптайды
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауәридждер туралы былай деген: «Пұтқа табынушыларды қалдырып, иман иелерін өлтіретін болады!» әл-Бухари 3344.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Хауәридждер – бұл мұсылмандарды күпірлікте айыптай бастаған ең алғашқы адамдар. Олар күпірлікте күнә жасаушыларды, сондай-ақ олардың бидъаттарымен келіспегендерді айыптап, осындай мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкін өздеріне халәл деп санады. Өздерімен келіспейтіндердің барлығын кәпір деп атайтын бидъатты жақтаушылардың жағдайы осындай. Әһлю-Суннә уәл-джәмә’аға келер болсақ, олар тек Құран мен Сүннетке ілеседі, Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнады, ақиқатқа ереді және Аллаһтың жаратылыстарына мейірімділік танытады”. Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 3/279.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Хауәридждер мұсылмандар үшін яхудилер мен христиандардан да жаман. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандарды өлтіруде ыждағаттылық көрсетеді. Олар мұсылмандардың қанын төгуді, олардың мал-мүлкін тартып алуды, олардың балаларын өлтіруді және оларды күпірлікте айыптауды рұқсат етеді!” “Минһәджу-Ссуннә” 5/248.
Ешкім мұсылманның өміріне және мал-мүлкіне қастандық жасауға құқықты емес. Ал шариғатқа сәйкес өлімге лайықты болған мұсылманға келер болсақ, мұндай үкімді шығару құқығына тек мұсылмандардың әмірі және ислам еліндегі қады ие болады. Өлім жазасын да, шариғат қандайда бір қылмыстар үшін бекіткен басқа кез-келген жазаны да, тек мұсылмандардың әмірі ғана қолдана алады. Ал шариғат жазаларын немесе өліммен жазалауды әмір емес болған адамның қолдануы туралы айтар болсақ, бұл – оларға Исламда орын жоқ сотсыз жазалау және анархия болып табылады. [1]
Имам ән-Нәуәуи былай деді: “Ғалымдар: «Қылмыстар үшін жазалауды мұсылмандардың әмірінен бәсқа ешкім атқармайды», – деген”. “Шәрх сахих Муслим” 3/438.
Имам Ибн Муфлих былай деді: “Жазаны (хадд) тағайындауға әмірден (имамнан), немесе оның орынбасарынан (нәибынан) өзге кез-келгенге тыйым салынады”. «әл-Фуру’» 6/53.
Имам әл-Қуртуби былай деді: “Жасалған қылмысқа тең мөлшердегі есені (қысас) және жазаны тағайындауды тек әмір орындайтынына келіспеушілік жоқ”. «Тафсир әл-Қуртуби» 2/245-246.
Жазаны тағайындау – әмірдің міндеті болып табылатындығына ғалымдардың арасында келіспеушілік болмаған. Қараңыз: Ибн Таймия: «Мәджму’уль-Фәтауә» 34/175 және имам Ибн Рушд: “Бидаятуль-муджтахид” 2/233.
Мұның үстіне, шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Мұсылмандардың әмірі белгілі бір жерді басқаруға қойған адам (мухтәсиб) өздігінше өлім жазасын немесе қол шабу жазасын қолдана алмайды ”. “Мәджму’уль-фәтауә” 28/109.
Аллаһ пәк! Тіпті мұсылмандардың әмірі құзыретті етіп тағайындаған адамның өзі жазалау туралы үкім шығару құқығына ие болмәса, онда түрлі топтар мен ағымдардың жазықсыз мұсылмандарды өз қалауы бойынша ұрып-соғып, өлтіруі туралы не айтуға болады?!
Ал Ибн ‘Аббәстан жеткізілетін, Умар үкім шығару үшін Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі) емес яхудиге жүгінуді қалаған адамды өлтірген дерекке келер болсақ, ол сахих емес. [2] Бұл деректің әлсіз екендігі жайлы көптеген имамдар, соның ішінде хафиз Ибн Хәджәр да «Фәтх әл-Бәриде» 5/29 айтқан, сондықтан оған сүйенуге болмайды. Оның жеткізушілерінің ішінде өтірікші болып табылатын және оның деректері қабылданбайтын әл-Калби, сондай-ақ тіпті Ибн ‘Аббәспен кездеспеген, сондықтан да ол оның ауызынан бұл хадисті естуі мүмкін емес болған Әбу Салих бар. Бірақ, егер осы хабар сахих болғанның өзінде де, онда әмірдің білуінсіз және рұқсатынсын жазаны қолдануға рұқсат етілетініне нұсқау жоқ, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Умарға осыны орындауға өзі өкілеттілік берген болуы мүмкін еді. Дәлелдің мұндай түрі – айқын (мухкәм) дәлелге қайшы келетін күмәнді (муташәбих) болып табылады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Айыптыны шариғат бекіткен жазалармен жазалауға тиісті болған нәрселер үшін бір-біріңді кешіріңдер, өйткені егер іс әмірге мәлім болса, Аллаһ араша түсушіні де, арашаланатынды да лағнеттейді!» Мәлик 1/380, ән-Нәсаи 4886. Хәдис сахих.
Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жазаны мұсылмандардың әмірі тағайындау қажеттігіне нұсқаған, ал егер жазаны тағайындауға және орындауға кез-келген мұсылманның құқығы болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірді ғана атаумен шектелмес еді!
Біз хауәридждердің «Ал Аллаһтың түсірмегенімен үкім ететіндер кәпір болып табылады», – деген аятты қайталауын жиі естиміз. Олар осы аяттың негізінде барлық мұсылмандарды күпірлікте айыптайды, алайда осы мысалда біз олардың өздерінің осыған сәйкес екендігін көре аламыз. Олардың өздері Исламдағы өздерінше соттауды және ұлы күнәларды Аллаһтың түсіргенінің негізінде жасап жатыр ма?! Осыдан соң олар өздерін-өздері күпірлікте айыптар ма екен, өйткені олар шешімдерін Аллаһтың түсіргенінің негізінде шығарып жатқан жоқ ғой?!
3. Олар мұсылмандардың заңды әмірлеріне қарсы көтерілісті рұқсат етеді
Бұл да, сондай-ақ олардың ең көп таралған сипаттарының бірі. Бұдан тыс, бұл – олардың ақидасы (сенімі) және дінінің негізі болып табылады! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Әмірді тыңда және оған мойынсұн, тіпті егер ол сенің арқаңнан ұрса да және мал-мүлкіңді тартып алса да!» Муслим 1847.
Өз өмірің мен мал-мүлкіңді кез-келген қол сұғушыдан қорғау міндетті болуына қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлерді бұл жалпы ережеден шығарып тастады.
Имам Ибн әл-Мунзир былай деп айтатын: “Білім иелері адам өз өмірі мен мен мал-мүлкін, егер оларға қақысыз қол сұғылса, қорғауға міндетті екендігіне бір ауызды келіскен. Сонымен бірге, барлық хадис білімдарлары әмір бұдан тыс шығарылған деп есептейді, бұған оның тарапынан көрсетілетін әділетсіздікке сабырлық ету және оған қарсы шығуға жол берілмейтіндігі туралы деректер нұсқайды!” Қараңыз: “Фәтхуль-Бәри” 5/148.
Ади ибн Хәтим былай деп баяндайтын: “Бірде біз: «Уа, Аллаһтың Елшісі, біз сенен тақуа әмірге бағыну туралы сұрап жатқан жоқпыз, бірақ егер ол пәлен және пәлен нәрселерді істесе, біз не істеуіміз қажет?» – деп сұрадық». Ал олар осылай деп әділетсіздікті меңзеген болатын. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтан қорқыңдар, (әмірді) тыңдаңдар және мойынсұныңдар», – деді. Ибн Әбу Асым 2/508. Шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деді.
Имам ән-Нәуауи былай деген: “Мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығу және олармен соғысу – мұсылмандардың бір ауызды келісімі бойынша (иджмәъ) тыйым салынған (харам), тіпті егер олар бұзақы және залым болса да!” Қараңыз: “Шәрх Сахих Муслим” 12/469.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Әһлю Суннә уәл-джәмә’аның сенімінің негізі – әмірге қарсы шығуға рұқсат етілмейтіндігі және бүлік кезінде соғысуға рұқсат етілмейтіндігі Ал муътәзиләларға келер болсақ, олар мұсылмандардың әмірлерімен соғысуды дінінің негізі етіп алған!” Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 28/128.
Шейх Ибн Базға: «Мұсылмандардың әміріне мойынсыну міндетті емес деп санайтынтар туралы не айтасыз?» - деп сұрақ қойылғанда, ол былай деп жауап берді: «Әмірге мойынсыну міндетті болып табылады. Ал мұсылмандардың үмметін бөлуге және әмірге қарсы шығуға келер болсақ, бұл – хауәридждердің діні болған ең ұлы бұзақылық. Бұл – хауәридждер мен муътазиләлардың діні!» Тыңдаңыз: «Хукму хамәләт әл-и’ләмия»
Абдус бин Мәлик былай деген: «Мен Әхмәдтың былай деп айтқанын естігенмін: «Кім айналасына мұсылмандар топтасқан және оның билігін, ол билікті күшпен не келісіммен алғанына қарамастан, мойындаған қандайда бір мұсылмандардың әміріне қарсы шықса, ол мұсылмандардың арасына бөліну салды және Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне қайшы шықты. Және осы бөлінуші осынысында өлсе, надандық (джәхилиет) уақытының өлімімен өлген болады. Адамдардың ешқайсысына әмірлерге қарсы соғысуға және шығуға болмайды, ал мұны істейтін – Сүннетке және тура жолға ілеспеуші бидғатшы (мубтадиъ)!» Қараңыз: «әл-Мәсаиль уә әр-рәсаиль филь-‘ақида ли-имам Әхмәд» 2/5.
Имам әл-Бәрбәхари былай деген: «Мұсылмандардың әмірлерінің қайсы біреуіне болса да қарсы шыққан (адам) – мұсылмандардың біртұтастығын бұзған және хадистерге қайшылыққа түскен хауәридж. Және оның өлімі джәхилиет кезіндегі өлім сияқты!» Қараңыз: «Шәрху-Ссуннә» 76.
Алайда хауәридждер Усман және Али сияқты біздің үмметіміздің ең абзал адамдарының басқаруына наразы болып, оларды күпірлікте айыптап, оларға қарсы шыққан болса, онда қалайша олар мұсылмандардың қазіргі әмірлеріне разы бола алады және қалайша оларды күпірлікте айыптамайды?!
Қазіргі заман хауәридждері олардың ойы бойынша діннен шыққан әмірлерге қарсы шығуға рұқсат бермейтіндер мурджилер болып табылады деп мәлімдейді. Осының негізінде олар біздің заманымыздың үш имамын: шейх әл-Әлбәниді, шейх Ибн Базды және шейх Ибн Усәйминді мурджи деп атады. Ал іс жүзінде бұл – мурджилер сектасының жаңа, осыған дейін белгісіз болған, оны осыдан бұрын ешбір имам айтпаған анықтамасы болып табылады. [3].
Мурджилер – бұл Исламдағы ертедегі адасқан, кейіннен көптеген топтарға бөлінген секталардың бірі болып табылады. Алайда мурджиялықтың негізінде адамдардың амалдары иманның құрамдас бөлігі болып табылмайтындығы және иман – бұл жүректің нық сенімі және сөздер деген сенім жатады. Сондай-ақ олар иман көбеймейді және азаймайды деп есептейді және игі амалдар кәпірлерге Ақыретте пайда келтірмейтіні сияқты, күнәлар да муминдерге зиян тигізбейді деп есептейді.
Ал біздің заманымыздың осы имамдарының біреуі өздерінің кітаптарында осылай деп жазған ба, немесе олар осындайды айтатын олардың лекцияларының таспалары бар ма?!
Имам Әхмәдтан иман көбееді және азаяды деп айтушылар туралы сұрағанда, ол: «Мұндай адам мурджиядан алыс» - деді”. ‘АбдуллаҺ ибн Ахмәд: «әс-Суннә» 1/307.
Имам әл-Бәрбәхари былай деді: “Кім: «Иман – сөздер мен амалдар, (ол) көбееді және азаяды», – десе, сол мурджиядан толық құтылған болады!” “Шәрху-Ссуннә” 67.
Бұдан тыс, әмірлерге қарсы шығуға тыйым салатын адам негізінде мурджи бола алмайды, өйткені мурджилер хауаридждерден тек иман және күпірлік мәселесінде ғана ерекшеленеді, алайда әмірлерге қарсы шығу мәселесінде олар біртұтас. Сондықтан мұсылман әмірлеріне қарсы көтерілістерді тыйым салатындар емес, керісінше оларды рұқсат ететіндер және осыған шақыратындар мурджилер деп аталуға көбірек лайықты. Сондықтан да атақты табиғин Айюб әс-Сахтияни хауәридж деп кез-келген бидъатшыны атап, былай дейді: «Ақиқатында, хауәридждер атауларында бөлініп кетті, бірақ әмірлерге қарсы шығуда бірікті». Қараңыз: “әл-И’тисәм” 1/113.
Абдуллаһ ибн Тахир былай деп айтатын: “Ақиқатында, сендер мурджилерді білімнің негізінде емес жек көресіңдер, ал мен оларды білімнің негізінде жек көремін! Біріншіден, олар мұсылмандардың әміріне мойынсұнуды міндетті деп санамайды. Және олар иманның деңгейлері жоқ дейді!” Қараңыз: «‘Ақидәту-ссаләф» 109.
Суфьян әс-Саури былай деген: “Мурджилер: «Иман – бұл амалсыз сөздер», – деп айтады. Олар: «Лә иләһә илләЛлаһ, Мухаммад расулюЛлаһ», – деп айтатынның иманы Джәбрейіл періштенің иманы сияқты, тіпті ол джунуб болған (ласталған) соң ғұсыл алмаса да және намазды орындамаса да», – дейді. Сондай-ақ олар мұсылмандармен соғысуды рұқсат етілген деп санайды”. әл-Ләләкаи 1834.
Екі ұлы имам Суфьян ибн Уяйнә және әл-Ауза’и былай дейтін: “Ақиқатында, мурджилер әмірге қарсы шығуға шақырады!” «әс-Суннә» 1/218/368.
Имам Ибн әл-Мубәрактан ол мурджилердің көзқарастарына ие ме деп сұрағанда, ол: «Мен мұсылмандардың әмірлеріне қарсы шығуға болмайды деп есептесем, қалайша мурджия боламын?!» – деп жауап берген. Ибн Шәхин “әл-Китабу-лләтыф” 17.
Дәл сондықтан имам әһлю-Суннә имам Әхмәд былай деп айтатын: “Ақиқатында, хауәридждер – мурджилер болып табылады!” Қараңыз: “әс-Суннә” 74.
Имам Ибн әл-Мубәрак былай деп айтатын: “Кім мұсылман әміріне қарсы шығуды рұқсат етілген деп санамаса және олар үшін дұға етсе, сол хауәридждердің пікірлерінен толық құтылған болып саналады!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 278.
Имам Абу Қиләбә былай деп айтатын: “Қайсы бір адам бидъат жасаса, ол міндетті түрде мұсылман әміріне қарсы шығуды рұқсат етілген деп санай бастайтын!” әд-Дарими 99.
Шейх әл-Әлбәни былай деп айтатын: “Мұсылмандардың әміріне қарсы шығу қажеттігі туралы кітаптар жазып, лекциялар өткізетін бұл жамағаттар шариғат үкімдеріне қатысты надан! Ақиқатында, мұсылмандардың әміріне қарсы шығу – бұл бүлік (фитна)! Мұсылман әмірлеріне қарсы шыққысы келетіндер кәпір көпқұдайшылдарға қарсы шықсын, алайда олар мұсылмандардың арасында фитна таратқысы келеді. Осы себепті менде осы адамдардың Исламы туралы үлкен күмән туындайды. Мен осы адамдар – іс жүзінде мұсылмандардың киімін киген Исламның дұшпандары ма деп қауіптенемін. Ал егер олар шындығында да мұсылман болса, онда терең надандықта!” Қараңыз: “Фәтауә уләмә әл-әкәбир” 91-97.
Шейх Ибн ‘Усаймин былай деп айтатын: “Мұсылман әмірлерін шариғат дәлелдерінсіз күпірлікте айыптау – хауәридждердің мәнһәджы болып табылады!».
Ал шейх Салих әл-Фәузан былай деген: “Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаған болса және оларға қарсы шығуға шақырып-үндесе, сол хауәридж!” Тыңдаңыз “Шәрх Нәуәқидуль-Исләм”.
Ал араб елдерінің әмірлері діннен шыққан болып табылады ма әлде жоқ па, мұны түрлі интернет-сайттарында әуес-қалаулардың түрлі жақтаушылары емес, шариғи соттарда ғалымдар шешеді!
4. Олар халықты анархияға талпындырып, әмірлердің күнәларын ақтарады да, оларды көпшіліктің алдында қаралайды
Және бұл – қазіргі заман хауәридждерінің енгізген жаңалығы емес, олардың алғашқыларының да әдісі осы еді.
Укбә ибн Уәсәдж былай деп баяндайтын: «Маған хауәридждер туралы және олар қалайша әмірлерді балағаттайтыны туралы айтатын. Ал бірде мен Абдуллаһ ибн Амрды кездестірген кезімде, мен оған: «Сен – Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалған сахабаларынансың және Аллаһ саған білім берді. Осы жерде, яғни Иракта (кейбір адамдар) өзінің әмірлерін қаралайды және барша естілетіндей етіп олардың адасушылықтары туралы мәлімдейді, сен бұл туралы не айтасың? – дедім. Ол: «Олар – Аллаһтың, періштелерінің және барша адамдардың лағынетін көтергендер!» – деп жауап берді». Ибн Әбу Асым: «әс-Суннә» 933. Шейх әл-Әлбәни сахихтығын растаған.
Әнәс ибн Мәлик Аллаһтың Елшісінің, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларынан болған ересектер әмірлерді балағаттауға тыйым салатынын баяндайтын және ол (Әнәс): «Әмірлеріңді балағаттамаңдар, оларға айла танытпаңдар және оларды жек көрмеңдер! Аллаһтан қорқыңдар да, сабыр етіңдер!» – дейтін. әл-Бәйхақи: “әш-Шу’аб” 6/96. Шейх әл-Әлбәни иснәдін хасан деген.
Әбу әд-Дарда былай деді: “Ақиқатында, адамдағы екіжүзділіктің алғашқы көрінісі бұл – мұсылман әміріне қатысты балағат!” Ибн Абдуль-Бәрр: “әт-Тәмхид” 21/287.
Ибн Кусайб әл-Адауи былай деп баяндайтын: “Бірде мен Әбу Бәкрамен бірге жұқа киімде құтпа айтып тұрған Ибн Амирдің мінберінің жанында болғанымда, Әбу Биләл былай деді: “Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!” Ал Әбу Бәкра оған: “Үніңді өшір, өйткені, мен Аллаһтың Елшісінің, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Кім әмірді қорласа, Аллаһ оны қорлайды!» – дегенін естігенмін!» – деді”. Әхмәд 5/42, әт-Тирмизи 2224. Хадис хасан.
Сондай-ақ Му’ауия да былай деп баяндайтын: «Бірде Әбу Зәрр «Рабза» деген жерге шыққанда, оны Ирак тұрғындарынан құралған бір топ адам қарсы алды да, оған былай деді: «Уа, Әбу Зарр! Бізге әмір саған қатысты не істегендігі туралы хабар жетті. Егер қаласаң, ту көтер және саған қанша қаласаң, сонша адам ілеседі». Бұған Әбу Зарр: «Тынышталыңдар! Тынышталыңдар! Ақиқатында, мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менен кейін әмірлер болады, оларды ұлықтаңдар. Ал оларды қорлағысы келген адам Исламда тесік жасайды және ол барлығын өз орындарына қайта келтірмейінше одан тәубе қабыл етілмейді!» – деп айтқанын естігенмін», – деп жауап берді». Ибн Абу Асым: “әс-Суннә” 499. Шейх әл-Әлбәни хәдисті сахих деген.
Имам әл-Бәрбәхари былай деді: “Егер сен мұсылман әмірлерін балағаттап тұрған адамды көрсең, ол – өз әуес-қалауларының жақтаушысы екендігін біл. Ал, егер Аллаһтан өзінің әмірі үшін игілік тілеп жатқан адамды көрсең, ол – Сүннетті жақтаушылардан екенін біл”. Қараңыз “Шәрху-Ссуннә” 113. [4]
Міне, саләфтардың мұсылмандардың әмірлеріне қатысты, тіпті олар бұзақы және залым болса да, мәнһәджы қандай болған! Алайда көптеген мұсылмандар араб елдерінің әмірлерін жұма құтпаларында көпшіліктің алдында, немесе өздерінің лекцияларында қаралайтындарға әуестенеді. Бұл біздің салиқалы алдыңғы ұрпақтарымыздың (саләфтардың) жолына қайшы келеді, өйткені әмірді артынан немесе көпшілік алдында қаралау: «Ең жақсы джихад – бұл әмірге айтылған ақиқат», – деп айтқан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлеріне қайшы келеді. әт-Тирмизи, Ибн Мәджәһ, әл-Хаким. Хадистің сахихтығын хафиз әд-Думьяты және шейх әл-Әлбәни растаған. Хәдис сахих. Қараңыз: «Сахихуль-джәми’» 1100.
Сондай-ақ, Аллаһтың Елшісі, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын, әмірге қалайша насихат айту керектігіне де нұсқап: «Кім әмірге насихат айтқысы келсе, оны жария емес, құпия жасасын», - деді. Әхмәд 3/403, Ибн Әбу ‘Асым 1097. Имам әл-Хаким, шейх Ибн Баз және шейх әл-Әлбәни хадистің сахихтығын растады.
Кейбір замандастарымыз соңғы хадиске, оны әлсіз (даиф) деп, қарама-қайшы амал жасайтындығына қарамастан, оның мағынасы одан алдыңғы хадиспен және сахабалардың амалдарымен расталады. ‘Умар ибн әл-Хаттаб, халифа болған кезінде былай деп айтатын: “Уа, адамдар! Ақиқатында, біздің сіздерде сендер бізді құпия насихаттауларыңда және бізге игі нәрселерде көмектесулеріңде қақыларымыз бар! ” Ханәд ибн әс-Сарий: “әз-Зухд” 2/602.
Шәқиқ былай деп баяндайтын: “Бірде Усама ибн Зайдқа: “Сен не үшін Усманмен сөйлесу үшін оған кірмейсің?!” – деп сұрақ қойылғанда, ол былай деді: “Сендер мен онымен сөйлесетін барлық нәрсе туралы (көпшілікке) баяндап беруімді қалайсыңдар ма?! Аллаһпен ант етемін, мен онымен оңаша сөйлестім және мен біздің арамызда болғанды жария етушінің алғашқысы болғым келмейді”. әл-Бухари 3267, Муслим 2989.
Ибн Аббас әмірге насихат айту жөнінде сұралған кезде, былай деді: “Мұны істегің келсе, араларыңда ешкім болмайтындай етіп істе және өзіңнің имамың (әмірің) туралы өсек етпе!” Ибн Әбу Шәйбә 15/74, Са’ид ибн Мәнсур 4/1657. Иснәды сахих.
Егер «зұлымдықпен күресушілер» деп аталатындар Аллаһтың алдында ұлы орынға ие болғысы келсе, неліктен олар әмірге барып оның өзіне барлығын айтпайды? Бұл – джихадтың ең жақсы түрі ғой! Бірақ олар: «Бұл әмірлер өздеріне насихат айтқанды қинайды және өлтіреді!» – деп айтады. Ал біз оларға: «Бірақ егер егер сендер шындығында да игілікті қалайтын болсаңдар, олар сендерді қинаса да, өлтірсе де, бәрібір ұтылыста болсмайсыңдар ғой, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шәһидтердің мырзасы болып Хамза ибн Абдуль-Муталиб, сондай-ақ залым әмірге келіп, оны игілікке үндеп, жамандықтан тыя бастаған, ал ол оны өлтірген адам табылады». әл-Хаким 3/195. Хәдис сахих. Қараңыз: «әс-Сильсилә әс-сахиха» 374.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге әмірге наразы болғанның әрбірі үшін ең жақсы болған жолға және бүлік көтермей және адамдарды анархияға шақырмай алынатын ұлы сыйға нұсқады. Олардың ешқайсысы шәһидтердің мырзасы болғысы келмейді ме?! Бірақ олай емес, олар өз шақыру-үндеулерін парақшалар және интернет арқылы таратып және халықты көтеріліске айдап салып, бүлік таратқысы келеді. Олардың мақсаты – Ислам және мұсылмандар арасындағы бүлік, өйткені олар шайтанның және өз нәпсілерінің жетегінде.
Хауәридждердің ең жамандары – халықты көтеріліске және әмірге қарсы шығуға талпындыратын, алайда өздері осыда қатыспайтын, «бұғып отыратын хауәридждер» (әл-қа’әдия) болып табылады. Бұл жөнінде хафиз Ибн Хәджәр хауәридждердің ағымдарын тізбектеп айтқан. Қараңыз: “Хәди әс-сари”, 483. Абдуллаһ ибн Мухаммәд әс-Са’иф былай деп айтатын: «Ең жек көрінішті хауәридждер – бұл бұғып отыратын хауәридждер (әл-қа’әдия)», – деген. Әбу Дауд: “әл-Мәсаиль ” 281.
5. Олар адамдардың ниеттерін және олардың жүректерінде не бар екенін білетіндікке таласады
Өкінішке орай, хауәридждердің бұл жек көрінішті сипаты өте көп мұсылмандарға тән. «Мынау – ықыласты, ал анау – екіжүзді», – сияқты сөздерді жиі естуге болады. Мұның жамандығы – осындай нәрселерді айтушылардың өздерінен жасырын болған және Аллаһтан өзге ешкім білмейтін нәрселердің негізінде адамдарға үкім шығарғысы келгендігінде. Және осындай жағдайда ол адам мақталады ма, әлде жамандалады ма, оның ешқандай айырмашылығы жоқ.
Бұл әдеттің бастамасын салған – хауәридждердің атасы Зуль-Хууәйсара болды. Бірде, кезектегі шайқастан соң Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олжаны бөліп отырған кезде, Зу Хууәйсара осы бөлуге наразы болып, Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл ықылассыз істелді!» – деді. Бұл адам осы сөздерді айтқан кезде, Халид ибн Уәлид: “Уа, Аллаһтың елшісі, оның басын шауып тастайын ба?» – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, өйткені ол намаз орындайтындардан болуы мүмкін», – деді. Халид: “Ал тілдерінде жүректеріндегісен басқа болған қаншама намаз орындайтындар бар!» – деп айтты. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сонда былай деген: «Ақиқатында, маған адамдардың жүрегіне қарау және олардың құрсақтарын кесіп жару әмір етілмеген!» әл-Бухари 4351, Муслим 164.
Усамә ибн Зайд былай деп баяндайтын: «Өз кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді Хуракатқа (Джухайнә тайпасына әскери жорық айтылып тұр) аттандырды, ал біз оларға таң ертеңгісін шабуыл жасадық. Мен олардың біреуін қуа бастадым, ал ол мен оны қуып жеткен кезде: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!» – деп дауыстай салды, бірақ мен оған найзаммен соққы беріп, өлтірдім. Осыны істегендіктен менің жаным тыныш таппады да, осы туралы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндап бердім. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!» – деп айтқан соң, оны өлтірдің бе, сонда?!» - деді. Мен: «Алайда ол мұны өлімнен қорыққандықтан айтты ғой!» – дедім. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен сонда ол осыны ықыласты түрде айтты ма әлде жоқпа екенін білу үшін оның жүрегін кесіп көрдің бе?!» – деді». әл-Бухари 4269, 6872, Муслим 273.
Имам әл-Хәттаби былай деген: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «…оның жүрегін кесіп көрдің бе?!»» – деген сөздері адамдарды тек сыртқы амалдарына сәйкес бағалау қажет екендігін дәлелдейді, ал жүректің жасырын істеріне келер болсақ, Олар тек Аллаһқа ғана қалады». Қараңыз: «Мә’алим әс-Сунән» 2/234.
6. Олардың өздері туралы пікірі жақсы да, өзгелер туралы пікірі жаман
Анәс ибн Мәлик былай деп баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам туралы хабарлағанда, ол: «Мен оны білмеймін», – деді. Сонда адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, оның түрі мынандай және мынандай», – дегенде, ол: «Мен оны білмеймін», – деген. Ал сол уақытта олар сөз етіп тұрған адам келді де, адамдар: «Әлгі адам осы, уа, Аллаһтың Елшісі», – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен оны білмеймін», – деді. Әлгі адам бізге жақындап, сәлем берді, ал біз оның сәлеміне жауап қайырдық. Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Аллаһты куәлікке шақырамын, сен бізге жақындаған кезіңде өз-өзіңе сенен жақсы адам жоқ деп айтпадың ба?!» – деді. [5] Ол: “Аллаһпен ант етемін, ия», – деп жауап берді де, кейін намазды орындау үшін мешітке кірді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкрге: «Бар да оны өлтір!» - деді. Әбу Бәкр мешітке кіріп, оның намаз орындап жатқанын көрді. Ол өз-өзіне былай деді: «Ақиқатында намаздың құрметі және ұлықтығы бар, Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрайын, өйткені бізге намаз орындап тұрғандарды ұруға тыйым салынған еді ғой», – деді. Ол қайтып келгенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен оны өлтірдің бе?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ, мен оның намаз орындап тұрғанының үстіне түстім, ал намаздың құрметі мен ұлықтығы бар емес пе, бірақ сен бұйырсаң, мен оны өлтіремін», – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, сен ол үшін емессің», – деп, содан соң: «Уа, Умар, сен оны өлтір!» – деп айтты. Умар мешітке кіргенде, оның сәждеде жатқанын көрді де, оны көп күтті, ал содан соң өзіне-өзі: «Ақиқатында, сәжденің құрметі мен ұлықтығы бар, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірін сұрайын, бұл мен үшін жақсы болар», – деді. Ол қайтып келген кезде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен оны өлтірдің бе?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ, мен оның сәжде жасап жатқанының үстіне түстім, сәжденің құрметі мен ұлықтығы бар ғой, бірақ сен бұйырсаң, мен оны өлтіремін», – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, сен бұл үшін емессің, бар, уа, Али, оны өлтір! Сен, оны тапсаң осыны істей аласың!» – деді. [6] Али мешітке кіріп, оны таппады, кейін ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтып келіп, оған бұл жөнінде хабарлағанда, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер ол бүгін өлтірілгенде, онда менің үмметімнен тіпті екі адам бір бірімен келіспеушілікке түспес еді». Әбу Я’лә 6/340, әд-Дарақутни 2/54, Ибн Әбу Асым 938. Бұл хадистің риуаят етілуінің бір неше жолдары бар, соған байланысты хафиз әл-Ираки және шейх әл-Әлбәни оның сахихтығын растаған.
Бұл хадисте хауәридж өзін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан, тіпті Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен де жақсы деп санағаны жеткізіледі! Бұл хадис хауәридждердің өздері туралы жақсы ойлап, ал өзгелер туралы жаман ойлайтынына нұсқайды.
Сондай-ақ, бұл хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намаз орындаушыны өлтіруге, тіпті оны ұрып-соғуға қатаң тыйым салғандығына нұсқау бар, өйткені бұл адамның намазы Әбу Бәкрге және Умарға Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірін орындауға бөгет болды.
7. Олар іс жүзінде игі болып табылмайтын нәрсені игі деп санайды. Және мұсылмандар өмір сүріп тұрған жерлерді кәпірлердің жерлері деп атайды
Имам Әбуль-Хәсан әл-Әш’ари «Бәйхәсия» деп аталатын бір хауәридж секталарының ерекшіліктерінің сипаттап былай деп айтатын: “Олар: «Егер имам кәпір болса, онда бүкіл халық та кәпір болады, – деп айтады. [7] Сондай-ақ, олар былай деп айтады: «Бұл – көпқұдайшылықтың жері, ал оның барлық тұрғындары – көпқұдайшылдар!» Олар жеке танитындардың ғана артына ұйып намаз орындады; мұсылмандарды өлтіріп, олардың мал-мүлкін тартып алды және тіпті балаларды өлтіруді де рұқсат етті!” Қараңыз: “Мәқаләт әл-Исләмиин” 1/194.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Хауәридждерге оларды мұсылмандардың үмметінен және олардың әмірінен айырықша ететін екі белгілі сипат тән: біріншісі – олардың Сүннеттен ауытқып, іс жүзінде жаман болып табылмайтын нәрсені жаман деп және жақсы болып табылмайтын нәрсені жақсы деп айтулары. Олардың дәл осы сипаты Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олжаны бөліп отырғанда Зу Хууәйсара әт-Тамими оған: «Әділетті бол! Ақиқатында, сен әділ емессің!» – деп айтқан кезінде оған қатысты көрініс тапты.
Хауәридждердің және бидъатты жақтаушылардың екінші сипаты – олар мұсылмандарды күнәлар жасағандары үшін күпірлікте айыптайды және осының негізінде олардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуды өздеріне рұқсат етеді. Олар, сондай-ақ мұсылмандардың жері – бұл кәпірлердің жері деп есептейді!”[8] Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 19/72.
8. Олар кәпірлердің елдерінде өмір сүреді
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Хауәридждердің сипаттарынан –олардың кәпірлердің елдерінде өмір сүруі”. Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 13/98.
Қазіргі заман хауәридждері қай жерде өмір сүріп жатқанына назар аударыңдар, уа, мұсылмандар. Негізінде бұл - Англия немесе Франция сияқты еуропа елдері. Олар сол жерде өмір сүруі аз болса, сол мемлекеттердің азаматтығын да кедергісіз алып алады!
Бұл адамдар жер бетінде ислам мемлекеті жоқ деп есептейді де, Сауд Арабиясы мен Американың арасында айырмашылық жоқ деп, дәл осымен өздерінің кәпірлердің арасында тұрып жатқанын ақтайды. [9] Аллаһ пәк, олар ақиқаттан нендей алыс!
9. Өздерінің сенімдерін ақтау үшін бірмағыналы болмаған және күмәнды дәйектерді қолданады
Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Ол – Аллаһ, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар – Кітаптың негізгі іргетасы. Сондай-ақ астарлы ұғымдағы өзге аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық таратқысы келіп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Олардың ұғымын Аллаһ ғана біледі. Ал тиянақты білімге ие болғандар: «Бұған сендік. Мұның барлығы – Раббымыздан», – дейді. Бірақ, насихатты ақыл иелері ғана еске алады (түсінеді)». (Әли Имран 3: 7).
Аллаһтың: «…бұзақылық таратқысы келіп…» деген мағынадағы сөздері – «олар сөйтіп адасушылыққа кіргізгісі келеді» дегенді білдіреді.
Әбу Ғалиб былай деп баяндайтын: «Әбу Умәмәдан: “Бұл аятта аталатындар кімдер?” – деп сұрағанда, ол: «Олар – хауәридждер!» – деп жауап берді». Ибн Нәср: «әс-Суннә» 55. Иснәды хасан.
Аиша былай деп баяндаған: «Бірде Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы аятты оқыды да: «Егер айқын болмаған нәрсеге ілесушілерді көрсең, біл, міне осылар – Аллаһ олар туралы айтқандардың дәл өздері, ендеше, олардан сақ бол!» - деді». әл-Бухари 4547.
Барлық аяттар мен хадистерді олардың сыртқы мағынасына қарап түсінуге бола бермейтінін білу керек. Олардың кейбіреулері алғашқы қарағанда көрінетіннен өзге нәрсені меңзеуі мүмкін, өйткені мұндай аяттарды немесе хадистерді сөздің дәл мағынасында қолдануға жол бермейтін өзге шариғи мәтіндер бар. Ал хауәридждер өзге шариғи дәлелдердің көпшілігіне назар аудармай, Құранның аяттарының кейбір сыртқы мағынасын қолданады. Дәл осылайша олар «Үкім Аллаһқа ғана тән» деген аятқа сүйеніп, Алиді күпірлікте айыптаған еді. Әбу Рафи’ былай деп баяндаған: «Хауәриждер Алиге қарсы қару алып шыққанда, олар: «Үкім Аллаһқа ғана тән!» «Үкім Аллаһқа ғана тән!» - деп үнемі қайталай берді. Ал Али: «Өтірікті тұспалдап, ақиқатты айтып жатыр!» – деді». Муслим 1774.
Имам Әбуль-Алия былай деп айтатын: “Мен Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін он жыл мухкәмды [10] оқыдым, ал Аллаһ маған екі нығмет берді және мен олардың қайсысы жақсырақ екендігін білмеймін: Ол мені Ислам жолымен жүргізгені ме, әлде Ол мені хауәридж етпегені ме!” Қараңыз “әт-Табәқат әл-кубра” 7/113.
Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн Умаәр хауәридждерді Аллаһтың жарытылыстарының ең жамандары деп санайтын және ол былай деп айтатын: «Хауәридждер кәпірлерге қатысты түскен аяттарды алып, оларды мүміндерге қолданады»”. Ибн Уәхб. Қараңыз: “әл-Изтискар” 8/90. Бұл деректі имам әл-Бухари өзінің «Сахихындағы» бір баптың соңында келтіреді және хафиз Ибн Хәджәр бұл деректің иснәдын сахих деп айтқан. Қараңыз: “Фәтх әл-Бәри” 12/286.
Имам әл-Әджурри, жоғарыда айтылғандай, хауәридждер туралы: «…олар Құранды өздерінің әуестері мен қалауларына сәйкес тәпсірлейді!» - деген. Қараңыз: “әш-Шәри’а” 1/21.
Хафиз Ибн Абдуль-Бәрр былай деп жазған: “Хауәридждер мен муътазиләлар сияқты бидъаттардың жақтаушылары Құран сөздерінің сыртқы мағынасына сүйене бастаған кезде, адасушылыққа түсті, мысалы, «Ал Аллаһтың түсіргеніне сәйкес үкім етпегендер кәпірлер болып табылады» – деген аят”. Қараңыз: «әт-Тамхид» 16/17.
Имам әл-Джәссәс былай деген: “Хауәридждер бұл (Аллаһтың түсіргенінің негізінде үкім ету туралы) аяттардың мағынасын бұрмалады және Аллаһтың үкімін қалдырғандардың әрбірін, тіпті олдар оны теріске шығарма са да, күпірлікте айыптай бастады!” Қараңыз: “Әхкәмуль-Қуръан” 2/534.
Шейхуль-Ислам Әбу әл-Музаффар әс-Сам’ани былай деген: “Хауәридждер осы аяттарды дәлелге алып: «Кім Аллаһтың түсіргенінің негізінде үкім етпесе, сол – кәпір!» – детінін біл, ал әһлю-Суннә Аллаһтың үкімін қалдыру үшін такфир жасамайды!” Қараңыз: “Тафсир әс-Сам’ани” 2/42.
Имам әл-Қуртуби былай деген: «Күнәлар үшін күпірлікте айыптайтындар «Ал Аллаһтың түсіргеніне сәйкес үкім етпейтіндер кәпірлер болып табылады», – деген аяттың сыртқы мағынасына сүйенеді және хауәридждер осылайша істейді, алайда бұда олар үшін дәлел жоқ!» Қараңыз: «әл-Муфхим» 5/117.
10. Олар ғибадат пен зухдта едәуір ыждағатты болуы мүмкін
Әнәстан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында сендердің араларыңда құлшылықта соншалықты ыждағатты, тіпті өздерін өздері таң қалдыратын халық пайда болады. Бірақ олар діннен, жебе тесілген нысанадан тесіп өткендей, шығып кетеді!» Әбу Я‘лә, 3/107. Хәдис сахих. Қараңыз: “әс-Сильсилә әс-сахиха” 4/519.
Өкінішке орай, біздің заманымызда мұнымен көптеген жас мұсылмандар алданады. Біреудің ыждағатты құлшылығын, зухдттығын немесе көркем мінезін көріп [11], олар осымен әуестенеді, ал аталғандардың барлығы дұрыс сенімнің (ақиданың) және дұрыс жолдың (мәнһәдждың) көрсеткіші болып табылмайды.
Имам әл-Ауза’и былай деген: “Маған шайтан бидъаттардың жақтаушысын құлшылыққа деген махаббатқа иландыратыны туралы дерек жетті. Ол оны момындыққа және жылауға салады да, сол арқылы оны азғырады”.
Суфьян әс-Саури былай деген: “Жылау он түрлі болады. Олардың тоғызы Аллаһ үшін емес және біреуі ғана Ол үшін. Ал егер адам Аллаһ ұшін жылына бір рет жылайтын болса, ол да көп!” Әбу Ну’айм 7/11.
Иса ибн Зазан былай деп айтатын: “Адамдар үшін сондай уақыттар келеді, сол кезде шайтан олардың көздерінде өмір сүретін болады және қалаған адамын жылататын болады”. Әхмәд: «әз-Зухд» 273.
Имам әш-Шәтыби былай деген: “Бидъаттардың кез-келген жақтаушысы құлшылықтағы ыждағаттылықты көбейтеді. Ләззәттың кез-келген түрінен бас тартатын және ғибадатта ыждағатты болатын монахтарды көрмеп пе едің?! Бірақ, соған қоса, бұл монахтар мәңгі Отта қалады!” Қараңыз: «әл-И’тисәм» 1/165.
Адамдарды бірінші кезекте олардың сенімдеріне сәйкес бағалау керек, ал басқа артықшылықтары кейіннен келе береді. Егер адамдарды олардың ыждағатты түрде ғибадат жасауына байланысты бағалау қажет болғанда, онда хауәриждердің деңгейін сахабалардың деңгейінен де көтермелеп жіберу қажет болар еді, өйткені Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, сендердің намаздарың, олардың намаздарымен салыстырғанда, және сендердің оразаларың, олардың оразаларымен салыстырғанда, өздеріңе болмашы болып көрінеді». Муслим 1064.
Алайда, іс жүзінде бәрі басқаша. Өйткені, хауәридждер мұсылмандардың алғашқы бүлігінің және бөлінуінің себепшілері болды. Ақиқатында, дұрыс сенімдердің ізінен ғана ізгі амалдар жалғасады. Және дәл осы сипат әһлю-Суннадан болған шынайы мұсылмандарды әртүрлі ағымдар мен жамағаттардан ерекшелейді.
Ал хауәридждердің және өзге де бидъаттардың жақтаушыларының ыждағаттылығына келер болсақ, ол оларға ешқандай пайда келтірмейді, бұл жөнінде ізгі алдыңғы буын өкілдеріміз (саләфтар) айтқанындай. Хәсан әл-Бәсри былай деген: “Бидъатшының оразасы да, намазы да, қажылығы да, умрасы да, садақасы да, джихады да қабыл болмайды”. Ибн Бәтта: “әл-Ибәнә” 1/125.
11. Олар жас және зердесіз (парықсыз)
Али ибн Әбу Талиб былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естігенмін: «Соңғы замандарда жаратылыстардың ең абзалының (Пайғамбардың) сөздерін айтатын жас және ақылы бойынша зердесіз (парықсыз) адамдар пайда болады, алайда олар, садақтан атылған жебе сияқты, Исламнан шығады. Бұл адамдардың иманы олардың кеңірдектерінен төмен түспейді, сондықтан да, оларды қай жерде кездестірсеңдер – өлтіріңдер [12], өйткені оларды өлтірген осы үшін Қиямет Күні сый алады». әл-Бухари 3611; Муслим 1066.
Имам ән-Науауи былай деді: “Бұл хадистен білімнің тұрақтылығы мен күштілігі жастың егделігімен келетінін білеміз”. “Фәтхуль-Бәри” 12/300.
Біздің заманымыздың хауәридждерінің арасында тек жастар екендігіне назар аударыңыздар, олардың арасында олардың көзқарастарын қолдайтын тіпті бір неше кәрі адамды таппайсыз. Және Ислам үмметінің проблемаларымен байланысты ең маңызды мәселелерді талқылап жүргендер де – жас болып табылады.
Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауәридждер туралы былай деген: «Олар Құранды ол олардың жағында деп ойлап оқиды, алайда ол оларға қарсы болады!» Муслим 1066.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Ең алғашқы бидъат, нақты айтқанда хауәридждердің бидъаты, олардың Құранды бұрыс түсінуінің себімен пайда болды ”. Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 13/30.
Сондай-ақ шейхуль-Ислам хауәридждер туралы былай деген: “Олар – өздерінің надандығымен Құран мен Сүннетке қайшылыққа түскен надандар!” Қараңыз: “Минһәджу-Ссуннә” 3/464.
12. Олар сөгіс етілетінді өзгерту және джихад сияқты игілікті шақырулармен және биік үндеулермен бүркенеді
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімде келіспеушілік және бөліну басталады, ал кейін әдемі сөздер сөйлеп, бірақ жаман істер істейтін адамдар пайда болады». Әхмәд 3/224, Әбу Дауд 4765. Шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.
Имам әл-Әджурри, жоғарыда да келтірілгендей, былай деп айтатын: «Және тіпті олардың ашық түрде жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыйуы да оларға көмектеспейді, өйткені олар Құранды өздерінің әуестеріне сәйкес тәпсірлейді!» Қараңыз: “әш-Шәри’а” 1/21.
Шейх әл-Әлбәни жиі былай дейтін: “Жемістері бойынша олар туралы біліңдер!”
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Құран мен Сүннет джихадты жасау туралы бұйрықтарға және оның артықшылықтарына толы. Алайда шариғатта заңдастырылған, Аллаһ және Оның Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған джихадтпен, кейбір адасушылықтың жақтаушылары жүргізіп жүрген бидғат-джихаттың арасындағы айырмашылығын білу қажет! Олар джихадты Шайтанға бағынып жүргізуде, алайда өздері джихадты Рахманға бағынып жүргізудеміз деп ойлайды. Бұл – хауаридждердің, және солар сияқты, Исламның жақтаушыларымен соғысып жүрген, өз әуестерінің және дінге жаңалық енгізудің өзге де жақтаушыларының джихады сияқты!». Қараңыз: “Рәду ‘аләль-Ахнәи” 326.
Аллаһтың разылына қол жеткізу үшін ықыласты ниеттің болуы ғана жеткіліксіз екенін білу қажет.
Сонымен бірге ықыласты ниет Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес келуі қажет. Амр ибн Саләмәдан, бірде Ибн Мәс’уд мешітте жиналып және тастарды шерткілеп, жүз реттен Аллаһты зікір ету сөздерін айтып отырғандарға сөгіс білдіргені жеткізіледі. Бұл адамдар оған: «Аллаһпен ант етеміз, уа, Әбі Абдур-Рахмән, біз игіліктен басқа ешнәрсені қаламадық!» – деп жауап берді. Сонда ол: «Бірақ игілікті қалағандардың қаншасы оған жете алмайды!» - деді. Және Амр ибн Саламә: “Ал біз бұл адамдардың көпшілігінің Нәхрауән шайқасы күні хауәридждердің жағында соғысқанын көргенбіз”, – деп баяндайтын. әд-Дарими 1/68, әт-Табәрани 8628. Хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбәни сахихтығын растаған.
Уа, мұсылмандар! Бидъат Аллаһты топпен зікір етуден басталып, хауәридждердің идеологиясындағы өліммен аяқталғанына назар аударыңдар. Аллаһ бізді адасушылықтан және жаман өлімнен сақтасын!
Имам Бәрбәхари: «Амалдардағы кіші бидъаттардан сақ болыңдар, өйткені, ақиқатында, кіші бидъат үлкен болғанша өседі! Бұл үмметке енгізілген әрбір бидъат алғашында кіші және ақиқатқа ұқсас болды және бұл бидъатқа кірген адам алданды да, соң одан шыға алмады. Ал бұл бидъат үлкен болып, ұстанатын дінге айналды», – деп ақиқатты айтқан». Қараңыз: “Шәрху-Ссуннә” 61.
Бұл дүниеде қорқынышты істерді істегендер осыны ықыласты ниеттермен істегенін мәлімдейді. Шариғатта: «Ықыласты ниет бұзық (нашар) амалды игі етпейді», – деген маңызды ереже бар.
13. Олар ғалымдарды қаралайды және күпірлікте айыптайды
Ибн ‘Аббәс Алидің бұйрығымен бөлініп шыққан хауәридждермен келіссөздер жүргізу үшін келген кезде олардың кейбіреулері «Онымен сөйлеспеңдер!» – деп айқайлай бастады. Сонда сол кезде әлі хауәридж болып жүрген Ибн әл-Кәуә орнынан тұрып, адамдарға қарап, оларды Ибн Аббастан сақтандырып: “Уа, Құранға ілесушілер! Егер бұл Ибн Аббасты біреулер білмесе де, мен оны білемін, міне соның халқы туралы Аллаһ: «Олар – керісуші адамдар болып табылады» (әз-Зухруф 43: 58), - деді. Оны иесіне қайтарыңдар, ал өздерің Аллаһтың Кітабынан қайтпаңдар!” – деді. Әхмәд 1/621, әл-Хаким 2/150-152, әл-Бәйхақи 8/309. Иснәды сахих.
Алайда бұл сипат тек хауәридждерге ғана тән емес, ол адасқан секталар мен ағымдардың барлығына ортақ болып табылады.
Әхмәд ибн Синән былай деп айтатын: “Бұл дүниеде хадис білгірлерін жек көрмейтін бидъаттардың жақтаушысы жоқ”. Қараңыз: “Китәбуль-имәра” 1472.
Имам әс-Саффарини былай деген: “Ақиқатында, ғалымдардың қызметтері белгілі және олардың мәртебесі ұлы, ал кім олардың мәртебелерін кішірейткісі келсе, сол – адамдардың ең қараниеттісі және оңбағаны болып табылады, ал кім оларды жек көрсе, сол Иблистің партиясынан ”. Қараңыз: “Ләухуль-әнуәр” 2/355.
Убәдә ибн Самиттен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ылай деп айтқаны жеткізіледі: «Біздің арамыздағы үлкендерді құрметтемейтін, жастарға мейірім танытпайтын, сондай-ақ білім иелеріне лайықтысын бермейтін – менің үмметіме қатыссыз». Әхмәд, әл-Хаким, әт-Табәрани. Хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбәни хадисті хасан деген. Қараңыз: «Сахихуль-джәми’» 5443.
Сәхл ибн Абдуллаһ әт-Тустури: “Адамдар мұсылман әмірлері мен ғалымдарды көтермелеп тұрғанша игілікте болуын тоқтатпайды және егер оларды құрметтесе, Аллаһ олардың дүние тіршілігін және болашақ (Ақыреттегі) өмірін тәртіпке келтіреді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұл дүние тіршілігі мен болашақ өмірін опат етеді ”, - деген. Қараңыз “Тәфсир әл-кубра” 5/260.
14. Олардың арасында шынайы ғалымдардың болмауы
Хауәридждердің де, өзге секталардың да өзгермес сипаттарының бірі болып олардың арасында шынайы ғалымдардың болмауы табылады, мұның үстіне бұл жағдай – олардың негізгі ерекшіліктерінің бірі болып табылады және дәл осы оларды хауәридждер түскен осындай қайғылы жағдайға душар етті. Алғашқы хауәридждер пайда болған кезде, олардың арасында бірде-бір сахаба, яғни бірде-бір ғалым болған жоқ, өйткені сол кездің ғалымдары –Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл сахабалары еді. Ибн Аббәс Алидің әмірімен хауәридждермен келіссөздер жүргізу үшін келген кезде, оның оларға айтқан ең алғашқы сөздері мынандай еді: “Мен сендерге Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан – мухаджирлер мен ансарлардан, және оның көкесінің баласынан келдім. Құран оларға түсірілген еді, және олар оның мағынасын сендерден жақсырақ біледі, ал сендердің араларыңда олардың біреуі де жоқ!” [13] Әхмәд 1/621, әл-Хаким 2/150-152, әл-Бәйхақи 8/309. Иснәды сахих.
Ибн Аббәс олармен айтысуда ең бірінші болып қандай дәйек келтіргеніне назар бұрыңыздыр! Бірде-бір сахаба бұл бүлікшілерге қосылмады. Бұл сектаны үзіл-кесілді жою үшін осы дәйектің өзі жетіп асады.
Ешқашан адасқан секталар мен ағымдардың қатарында шынайы ғалымдар болмайды! Хафиз Ибн Рәджәб былай деп жазатын: “Бидъаттар мен адасушылықтардың жақтаушыларына келер болсақ, олар ғалымдарға ұқсағысы келеді, бірақ олар олардың қатарынан емес. Олардың надандығын көресету және олардың адасушылықтарын әшкерелеу – рұқсат етілген, өйткені сол арқылы оларға ілесуден сақтандырып ескерту үшін”. Қараңыз: “Фарқ бәйнә ән-нәсыха уә әт-та’йир” 33.
15. Олардың сипаттарынан – бастарын қырып тастау
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімде келіспеушілік және бөліну басталады, ал кейін әдемі сөздер сөйлеп, бірақ жаман істер істейтін адамдар пайда болады. Олар Құранды оқиды, алайда ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейді. Олар діннен, тесілген нысанадан жебе ұшып шыққан сияқты, ұшып шығады да, қайта оралмайды. Олар – жаратылыстардың ең жамандары және Тубә [14] оларды өлтіретіндер үшін, немесе олар өлтіргендер үшін. Олар Аллаһтың Кітабына шақырады, алайда өздері оған қатыссыз болады. Ал кім оларды өлтірсе, Аллаһқа олардан жақын болады!» - деді. Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі, ал олардың сипаты қандай?» - деп сұрады. Ол: «Басты қырып тастау» - деді. Әхмәд 3/224, Әбу Дауд 4765. Шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деді.
Имам ән-Нәуәуи былай деген: “«әт-Тахаллюқ» деген сөзбен қырылған бастар меңзеледі. Осы себептен кейбір ғалымдар басты қыруды жөн көрмеген, алайда бұл хадисте осыған нұсқау жоқ. Бұл – жәй ғана олардың сипаттарынан болып табылады, ал сипаттар рұқсат етілген де, тыйым салынған да болуы мүмкін”. Қараңыз: «Шәрх Сахих Муслим» 7/167.
Бірақ дегенмен хауәридждерге ұқсамау үшін себепсіз басты қырмау керек. Мұның үстіне Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды осы сипатпен ерекшеледі. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім қай бір халыққа ұқсап-еліктесе, ол солардан», - деген. Әбу Дауд 4031, Әхмәд 2/50 және басқалар. Хадистің сахихтығын Ибн Таймия, Ибн Хәджәр, әл-Ираки, әл-Әлбәни растаған.
Имам ән-Нәуәуидің өзі де, сондай-ақ әл-Мунәуи, әс-Сан’ани, Ибн Абидин т.б. ұқсап-еліктеуге деген тыйым кез-келген қауымға қатысты, олар – пірлер, күнәхарлар немесе бидъаттың жақтаушылары болса да деген. Оларға дінде, мінезде немесе әдеттерде ұқсауға болмайды. Қараңыз: “Раудәту-тталибин” 8/206, “Субулю-Ссаләм” 4/238, “Булюғуль-амәни” 22/40.
Алайда егер адам қандайда бір себеппен басын қырғысы келсе және мұны ғибадат деп санамаса[15], бұда сөгіс білдірілетін ешнәрсе жоқ.
Ғалымдар басты қыру төрт жағдайда: қажылықтан немесе ұмрадан соң; балаға ол туғаннан соң жетінші күні және кәпір Исламды қабылдаған соң абзал дегенге бір ауызды келіскен. Ал басқа жағдайларға келер болсақ, басты қыру абзал болмайды. Ал шейхуль-Ислам Ибн Таймия ғалымдар бұған бір ауызды келіскен деп айтқан. Қараңыз: “әл-Истиқамә” 1/256.
16. Өз мақсаттарына жету үшін олар өтірікке жүгінеді
Алғашқы хауәридждер өтірікті діннен шығаратын күпірлік деп санағанына қарамастан, қазіргі замандағылары, өтірік – олардың іс-әрекетіндегі қажетті нәрсе болып табылады деумен ақталып, оны рұқсат етеді. Қараңыз: «әл-Хауәридж фирқа әд-далә» 36.
17. Олар өз пікірлерін жиі өзгертеді
Бұл оларда білімнің болмауы себепті орын алады және дәл сол үшін де хауәридждер өз сектасының ішінде тағы да 20 ағымға бөлінді.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймийя былай деп айтатын: “Бидъаттардың жақтаушылары бір пікірде тұра алмайды, өййткені оларды күмәндар билеп алады. Аллаһтың Құран мен Сүннеттен бет бұрғандарға қатысты қашып құтылуға болмайтын заңы осындай!” Қараңыз: «Мәджму’уль-фәтауә» 4/157.
Ибраһим ән-Нәха’и былай деген: “Саләфтар діндегі пікірлердің өзгеруі жүректің күмәнінің себебімен орын алады деп айтатын”. Ибн Бәтта: «әл-Ибәнә» 575.
18. Олар мұсылмандармен бейбіт келісім-шартта болған кәпірлерді өлтіруді рұқсат етеді
Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім муахадты (мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді) өлтірсе, Жәннәттың хош иісін де сезбейді, ал оның аңқыған иісі қырық жылдық жол қашықтығынан сезіледі». әл-Бухари 2995.
Ибн Хаджәр былай деп жазған: «Хадисте сөз мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы болуда, мейлі ол – джизья төлеу, әмірмен бітім, немесе мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (амән) болсын». “Фәтхуль-Бәри” 12/259.
Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Барлық мұсылманның қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең ықпалсызының берген кепілдігін өзгелердің барлығы орындауға тиіс». Әбу Дауд 2751, Ибн Мәджәһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадис сахих, бұл жөнінде шейх әл-Әлбәни айтқан.
Имам әш-Шәхристани былай деді: “Хауәридждер келісім-шартта болған, немесе джизья төлеген кәпірлердің қанын және мал-мүлкін халәл деген. Және осыны істемейтіндерден бас тартуды міндетті деп есептеген!” “әл-Миләлю уә-ннихәл” 1/118.
Хауәридждер және оларға ілесушілер мұсылмандарды өлтіруді де болмашы іс деп санаған, ал кәпірлер туралы не айтуға болады! Ал іс жүзінде тіпті кәпірдің қаны да шариғат оны халәл етпейінше харам болып табылады.
Имам Әбу әл-Аббәс әл-Қуртуби былай деген: “Қанды сақтау қажет және ол өз негізінде шариғат оны халәл ететін жағдайлардан өзге кезде қол сұғылмайтын нәрсе болып табылады!” Қараңыз: “әл-Муфхим” 5/27.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Ақиқатында, мұсылмандарға хиджраға дейінгі алғашқы уақытта соғысуға тыйым салынған еді, сол кезде кәпірді өлтіру харам болатын және бұл – адамды қақысыз өлтіру болатын… Өзінің негізінде Адамның баласының қаны – қақылы болған жағдайдан басқа кезде, тыйым салынған (харам) және рұқсат етілмеген болып табылады. Және кәпірлердің қаны да, өз негізінде солай болғанындай, Исламның бастапқы кезеңінде тыйым салынған (харам) еді, Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өлтірген мысырлықтың қаны сияқты, біздің кезімізде Ислам шақыруы жетпеген кәпірлердің қаны да. Және Мусаға оның адам өлтіруі бұл дүниеде де, Ақыретте де күнә болды, ол бұл адамды қасақана өлтірмегендігіне қарамастан!» “әс-Саримуль-мәслюль” 2/210.
Шапағат туралы ең таралған хадисте Күн адамдарға жақындағанда және оларды қайғы мен уайым басқанда оларда бұған төтеп беріге күш те, сабырлық та болмайды, олар пайғамбарларға Раббысының алдында шапағатшы болуды сұрап жүгінеді және Мусаға жеткен кезде: «Уа, Муса, сен – Аллаһтың елшісісің және Аллаһ сені басқа адамдардың алдында абзал көріп, саған Өзінің Жолдауын тапсырып, сенімен тікелей сөйлесіті. Бізге раббыңның алдында шапағат ет, біздің қандай жағдайда екенімізді көрмейсің бе», – деп айтады деп жеткізіледі. Ал Муса: «Ақиқатында, менің Раббым маған алдын ешқашан ызаланбағандай және болашақта ешқашан ызаланбайтындай ызаланды, өйткені мен маған өлтіру бұйырылмаған адамды өлтірдім!Өзім, өзім (қорғауға мұқтажбын)! Басқаға барыңдар, Исаға барыңдар!» – дейді. әл-Бухари 4712. әл-Бухари 4712.
Қақысыз адам өлтіру күнәсінің ұлықтығын түсіну үшін осы жеткіліксіз бе?! Ал бірдің кезімізде хауәридждер олардың жалған идеологияларын қолдамайтын мұсылманды да өлтіруі мүмкін!
19. Олар терактілерді жасауды рұқсат етілген деп санайды
Шейх Ибн ‘Усаймин Сауд Арабиясында жасалған терактіден соң былай деді:: “Мұндай іске кез-келген ақылы бар адам разы бола алмайды, ал иман келтірген адам тіпті де, өйткені бұл Құран мен Сүннетке қайшы келеді. Осыда Исламға іштей де, сырттай да келетін зиян бар. Бұл – ұлы қылмыс, алайда залымдар табысқа жетпейді. Жақын арада, инша Аллаһ, олар өздерінің жазасын толығымен алады. Білім талап етіп жүрген студенттер адамдарға бұл жол – көпқұдайшылдарды қалдырып, мұсылмандардың қанын төгуді халәл еткен хауаридждердің кесірлі жолы екендігін түсіндіру – міндетті болып табылады”. Қараңыз “Фәтәуә әш-шәр‘ия фи кадая әл-‘асрия” 47.
Шейх Салих әс-Сухәйми былай деген: “Өзін «әл-джихад» деп атайтын, бірақ джихадқа еш қатысы жоқ топ – біздің ғасырымыздың хауәридждері! Хауәриждер олар тарапынан Усман мен Али өлтірілген кезде пайда болды және олар тіпті Дәджәл шыққанға дейін болады, бұл жөнінде Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай. Олар пұтқа табынушыларды тастап қояды да, мұсылмандарды өлтіреді. Олар Құранды оқиды, бірақ ол олардың кеңірдегінен төмен түспейді. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оларды: «Тозақтың иттері», – деп атады. Олар ислам елдерін кәпірлердің жері деп, ол жерлердегі мұсылмандарды өлтіреді! Өздерінің әрекеттерімен олар кәпірлерді Исламға және мұсылмандарға қарсы басып кіруге араңдатты және олар кейбір мұсылман қалаларын басып алуына жол берді. Осының барлығының арғы жағында кімдер тұрғанын: сионистер ме, массондар ма, әлде басқа біреулер ме; олар осыларға тікелей басшылық етеді ме, әлде жоқ па - Аллаһ жақсы біледі. Олардың бұзақылығы таралмауы үшін әрбір мұсылман олардың адасушылықтарын ашуға және көрсетуге міндетті болып табылады. Және олардың қай-қайсысын да жасырып-қорғауға болмайды, өйткені бұл – күнә мен дұшпандыққа көмектесу болады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер», - деп бұйырғандай. (әл-Мәидә, 2). Ал оларды жасырып (пана бергенге), немесе қорғағанға, немесе олардың амалдарын істегенге келер болсақ, ол олардың істеріндегі, бейбіт келісімдегі мұсылмандардан және кәпірлерден болған жазықсыз адамдарды өлтіру ісіндегі қолдаушысы және серіктесі болады. Және мұндай адам Аллаһтың лағынетіне түседі, бұл жөнінде Пайғамбар, Аллаһтың Оған игілігі мен сәлемі болсын: «Аллаһ бидғат істеушіні және бидғатшыны жасырушыны лағынеттеді», – деп айтқанындай. әл-Бухари 4/73, Муслим 1371». Қараңыз: “әл-Ирхаб асбәбуху уә ‘иләджух” 7.
Шейх Ибн Базға: «Сіз «Жәмәат әл-джихад» [17] атты топ туралы және олармен ынтымақтастықта болу туралы не айта аласыз?» – деген сұрақ қойылғанда, ол: “Біз олармен ынтымақтастықта болмауымыз керек, тіпті оларға сәлем беруге болмайды. Олар еленбеуге тиіс, және адамдарды олардың жауыздығынан сақтандырып ескерту керек, өйткені олар – мұсылмандар үшін фитна (бүлік) және зиян, және олар – Шайтанның бауырлары!” Қараңыз: «Кайфә ну’алиджу уәки’анә» 108-109.
Хауәридждер үлкен күнәлар жасауды діннен шығаратын күпірлік деп санауына қарамастан, өздерінің дәл сол ауыр және қауіпті күнәләр болып табылатын іс-әрекеттерін олар Аллаһқа құлшылық және жақындау деп санайды.
Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Исламның имамдары бидъаттар адамдар оларды істеп жатып, бірақ соның күнә екендігін түсінетін кәдімгі күнәлардан жаман екендігінде біріккен!” Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 28/471.
Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Адамдамдардың көпшілігі Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселер арқылы ғибадат етіп, осынысын – мойынсыну және жақындау деп нық сенеді. Және мұндай адамның жағдайы, өзінің істеп жатқаны күнә екендігін түсінетін адамның жағдайынан жаман!” “Иғасату-лләхфән” 2/181.
Адам хауәридж болуы үшін оның бойында осы аталған сипаттардың түгел болуы шарт емес, алайда, бұл жөнінде жоғарыда айтылып кеткендей, хауәридждер олардың әрқайсысына кейбір сипаттар көбірек тән болған көптеген секталар мен ағымдарға бөлінді. Егер адам мұсылмандардың заңды әмірін құлатуға шақырса, немесе мұсылмандарды күпірлікте айыптаса, немесе мұсылмандардан қауіпсіздік кепілдігі бар кәпірлерді өлтірсе, алайда осылармен бірге басын қырмаса, оны хауәридж емес деп айтуға болмайды! Бірақ бойында хауәридждердің кейбір сипаттары бар нақты бір мұсылманды хауәридж деп те айтуға болмайды. Оны хауәридж деп атамай, бұл – хауәридждік болып табылады деп айту керек.
Бұл сипаттар мұсылмандар осыдан қауіптенуі және олардан қашқақтауы үшін айтылған, адамдардың бойынан оларды іздеп жүріп, сосын оларды хауәридж деп айыптау үшін емес.
Аллаһ Тағала мұсылмандарды аталған жаман сипаттардан сақтасын. Әмин!
____________________________
Ескертулер:
[1] Сөз әмірдің жазаны өз қолымен атқаруы туралы емес, оны тағайындауы туралы болып тұр.
[2] Сөз мына оқиға туралы болып тұр: «Бірде, екі адам айтысып қалған кезде, олардың біреуі: “Кел, бізге үкім шығару үшін Пайғамбарға жүгінейік!» – деді. Ал басқасы: «Кел, оданда яһуди Ка’б ибн әл-Әшрафқа жолығайық”, – деді. Ең соңында олар Умарға жүгінді және айтысқандардың біреуі болған жағдайды оған айтып берді. Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүгінгісі келмегеннен: «Осылай болды ма?» – деп сұрады. Әлгі адам: «Ия», – деп жауап берді. Сонда Умар қылышын алды да, оны өлтіріп тастады».
[3] Ғалымдар хауәридждерді секталардың ең жаманы деген және мурджилерден де. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деп айтатын: “Бұл екі ағымның: хауәридждердің және муътазиләлардың сөздері – мурджилердің сөздерінен жаман! Ақиқатында, мурджилердің арасында имамдар оларды мақтаған ғалымдар болды. Ал хауәридждер мен муътазиләларға келер болсақ, әһлю-Суннә уәл джәмаа оларға жан жағынан тек сөгіс айтты!” Қараңыз: “Китәбуль-имән” 209.
[4] Мұсылман әмірлерін балағаттауға деген тыйым, немесе олар үшін дұға етуге деген үндеу – оларды мадақтау керек деген сөз емес! Бұл екеуі бір нәрсе емес. Имам әл-Фудайль ибн ‘Ийяд былай деп айтатын: “Менде міндетті түрде қабыл болатын дұға болса, онымен әмір үшін дұға етер едім”. Одан: “Бұл – қалайша, уа, Әбу Али?!” – деп сұрағанда, ол: “Егер мен оны өзіме тиісті ғана пайдалансам, бұл – жеткіліксіз болады, ал егер оны әмір үшін қолдансам, бұл – барша үшін игілік болады. Өйткені, егер әмір салиқалы болса, онда халықтар да, қалалар да салиқалы болады!” – деп жауап берді. Қараңыз «әл-Хилья» 8/91 және «Табақат әл-ханәбиля» 2/36.
[5] Аллаһтың Елшісіне бұл жөнінде тек Аллаһтан белгілі болған болуы мүмкін, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және жалпы кім болса да адамдардың ойларын білу қабілетіне ие емес.
[6] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерінде Али хауәридждермен шайқасатынына және оларды жеңетініне нұсқау бар.
[7] Осындайды бүгінгі күні де естуге болады, хауәридждердің Перғауын мен оның әскерлеріне қияс жасап, ислам елдерінің тұрғындарының барлығын, саясат, билік және соғыс мәселелерінен алыс болған тіпті ауруханалар мен мектептердің жұмыскерлеріне дейін күпірлікте айыптайтындай.
[8] Бұл жұқпалы індет біздің кезіміздің жастарына тиді. Қазіргі заманның кейбір хауәридждері тек Ауғаныстанға қатысты ерекшелеу жасайды, өйткені, олардың пікіріне сәйкес, Ауғаныстан – бұл шариғат пен үкім жүргізілетін жалғыз мемлекет. Олардың беттері нендей кері бұрылған! Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Қандайда бір территорияны күпірлік жері, немесе Ислам жері, немесе бұзақылық жері деп анықтау – өзгермейтін нәрсе болып табылмайды. Жоқ, территорияның мұндай сипаттамасы тұрақсыз және уақытша, және ол бұл жерді мекендейтін тұрғындарға тікелей байланысты. Мүмін және тақуа адамдар өмір сүруші кез-келген жер уақыттың сол кезеңінде Аллаһқа жақын болған адамдардың жері болып табылады. Тура сол сияқты кәпірлер туратын жер уақыттың сол кезеңінде күпірлік жері болып табылады, ал бұзақылар тұратын кез-келген жер уақыттың сол кезеңінде бұзақылықтың жері болып табылады. Егер қандайда бір жердің тұрғындарын басқа адамдар ауыстырса, ол жер солардың жеріне айналады.
Тура осылай сияқты, егер мешітті шарап дүкеніне, зина үйіне, зұлымдықтың мекеніне, немесе Аллаһпен бірге басқа құдайларға құлшылық жасалатын шіркеуге айналдырса, онда мешіт оны толтырушы адамдардың контингентінің өзгеруіне сәйкес, өзінің мәртебесін және атын жоғалтады. Және керісінше, кез-келген шарап дүкені, зина үйі, немесе зол сияқты орын Аллаһ Тағалаға құлшылық жасалатын мешітке айналса, орын алған өзгеріске сәйкес өзінің мәртебесін өзгертеді. Тура осы нәрсе адамдарға да қатысты: ізгі адам бұзақыға айналуы мүмкін, кәпір – муминге, мумин – кәпірге т.с.с.». Қараңыз: “Мәджму’уль-фәтауә” 18/281-282.
[9] Осылай деп Әбу Мухаммәд әл-Мәқдиси деген уағыздаушы өзінің «Кауәшифуль-джәлия фи такфири әд-даулә әс-Са’удия» деп аталатын және онда ол Сауд Арабиясын кәпірлердің жері деп айтатын бидъатшыл еңбегінде айтады. Аллаһ оған лайықты жазасын берсін!
[10] Құран мен Сүннеттің анық және бірмағыналы мәтіндері.
[11] Өте жиі жағдайда адамдар өздері әуестенген адамдарының көркем мінезінен адасушылыққа түседі. Яхъя ибн Мә’ин былай деп баяндайтын: «Бірде мен Абдур-Раззақтан шиғалар айтатын сөзді естідім де, одан: «Сен олардан хадистерді жеткізетін ұстаздарыңның барлығы: Мә’мәр, Мәлик, Ибн Джурайдж, әс-Саури, әл-Ауза’и – сенімге лайықты және әһлю-Суннәдан еді, ал сен бұл мазхабты кімнен қабылдап алдың?!» – деп сұрадым. Ол: «Бірде бізге Джә’фәр ибн Суләймән келді, ал мен оны қадірлі және көркем мінезді көрдім де, мұны содан”, – деп жауап берді». Қараңыз: “әт-Тахзиб” 611.
[12] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хауәридждерді өлтіру туралы бұйрығы кез-келген адамға емес, мұсылмандардың әмірлеріне қатысты. Имам әл-Бухари өзінің “Сахихындағы” тарауды: «Хауәридждерді оларға дәлел келтіргеннен кейін өлтіру туралы» деп атап, мына аятты келтірген: «Аллаһ адамдарды тура жолға салғаннан кейін, олар сақтануға тиіс болған нәрселерді ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды». (әт-Таубә 9: 115). Сондай-ақ «‘Умдәтуль-қари» 19/369 қараңыз.
[13] Сондай-ақ Ибн Аббәстың бұл сөздерінде дінді Пайғамбардың (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары қалай түсінген болса, дәл солай түсіну қажеттілігіне нұсқалады.
[14] Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың Елшісі! Тубә деген не?» - деп сұрағанда, ол: «Ұзындығы жүз жыл болған Жәннәттағы ағаш», – деп жауап берді. әл-Бухари 6/233, Муслим 2826.
[15] Мұны біздің уақытымызда кейбіреулер: «Басты қыру – Сунна» деп айтатындай.
[16] Му’ахәд – мұсылмандармен келісім-шатта болған кәпір.
[17] Шейх Салих әс-Сухайми мен шейх Ибн Бәз өкілдері негізінен Лондонда орналасқан, осы және әлемнің өзге елдеріндегі терактілерге жауапты бір топ туралы айтып тұр.