Бүкіл мақтау – әлемдердің Раббысына және Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның жанұясы мен оның барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Одан кейін:
«Ислам жері» (дәрул-Исләм) және «кәпірлердің жері» (дәрул-куфр, дәрул-харб) анықтамалары түсінігінде ғалымдар бірнеше пікірге бөлінеді.
Дегенмен, ең күшті және дәлелдерге негізделген, көптеген ғалымдардың пікірі болып табылатыны – ол жерді мекен еткен адам Исламды ашық ұстанып жүре алса, сол жер «Ислам жері» (дәрул-Исләм) болып табылады. Бұған Құран мен Сүннет дәлел болады. Аллаһ Тағала Өз пайғамбары Мусаға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Мен саған кәпірлердің жерін көрсетемін» дейді (әл-Ағраф 7/145).
Аллаһ ол жерді дәл сол кезде мекендеген адамдардың себебінен солай атайды. Ал кейіннен Аллаһ ол жерді қасиетті деп атайды.
Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жорықтың алдында әскер басшысына насихат жасай отырып: «Әуелі оларды (көпқұдайшылдарды) Исламға шақыр, егер олар қабылдаса, тиіспе, бейбітшілік бер. Кейіннен оларды өз жерлерінен мухаджирлердің жерлеріне қоныс аударуға шақыр. Егер де олар мұны жасаса, мұхаджирлер пайдаланатын барлық құқыққа ие болады» – деді (Муслим 1731).
Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаны – мухаджирлердің жері деп атады!
Бұлар осы тақырыпқа арналған анық және тура дәлелдер.
Ал Исламды ашық ұстануға қойылатын талаптарға келер болсақ, бұл талаптарға дәлел Әнәстан (оған Аллаһ разы болсын) келетін хадис болып табылады. Бұл хадисте Әнас (оған Аллаһ разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге адамдарға қарсы жорыққа шыққан кезде, оларға таң атқанша шабуылдамай, күтетін. Егер азан даусын естісе, оларға тиіспейтін, ал егер азан даусын естімесе, шабуылдайтын» – деді (Бухари 610).
Аталмыш хадис, жерді анықтаудың да басты дәлелі болып табылады. Хафиз Ибн ‘Абдул-Барр былай деп жазды: «Мен кез – келген елдімекеннің Ислам жері немесе кәпірлердің жері екендігін ажырату үшін Азан міндетті екендігіне байланысты ғұламалар арасындағы келіспеушілікті білмеймін» (Қараңыз:“аль-Истизкар” 4/18 и “ат-Тамхид” 3/61). Осындай пікірді әл-Мәзири, әз-Зурқани секілді және т.б. имамдар айтқан (Қараңыз: «Шарх әз-Зурқани» 1/147).
Бірақ Шейх Ибн ‘Усәймин қазіргі кезде кейбір кәпір елдерде де азан шақыруға рұқсат етіледі, алайда соған қарамастан ол елдер мұсылмандық болып табылмайды дейді. Дегенмен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінен бастап азан – Исламдық жерді кәпірлердің жерінен ажырататын талап болып табылған. Сондықтан ғалымдар осы талапты негізгі талап ретінде қалдыра отырып, егер де бір жерде басым көпшілік мұсылмандар болса, Исламды ашық ұстанып жүруге мүмкіндік болса, бұл жер – Исламдық жер болып табылады деген. (Қараңыз: Ибн ‘Усайминнің “Шарх Сәләсәтул-усул” 97 кітабы).
Сондықтан бір жердегі Исламның рәсімдерінің ашық ұстанылуы – жерді анықтаудың ажырамас шарты болып табылады.
Сонымен бірге ол жер мұсылмандарға тиісті болу керек, себебі кей ғұламалар пікірі бойынша бір жерде мұсылмандардың оған иелік етпей, жай ғана өмір сүруі ол жерді Исламдық жер қылмайды. Оған дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хайбар және т.б. иудейлердің жерін басып алған кезінде ол жерлерде иудейлердің өмір сүргеніне қарамастан аталмыш жерлерде мұсылмандар билік жүргізгеніне байланысты Исламдық жер болып табылғанын келтіреді.
Дегенмен шафиилердің имамы әр – Рамли мұсылмандар Ислам бойынша өмір сүретін жер, кәпірлерге тиісті болғанына қарамастан, Исламдық жер болып табылады деп есептейді. Одан «Андалусияның христиан адам басшы болып табылатын Аргун қаласында тұратын мұсылмандардың жағдайлары қандай? Бірақ оларға қысым көрсетпейді, олардың мешіті бар, олар Рамазанда ораза ұстайды, садақа береді, ережеге сай худуд (жазалау) жасайды» – деп сұрайды.
Сұраққа имам былай жауап қатады: «Олар өз діндерін ашық ұстанып жүре алуларына байланысты тұрып жатқан қалаларынан һиджра жасаулары парыз емес! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Худайбия бітімшарты кезінде Усманды Меккеге өз дінін ашық ұстанып жүре алатын болғандығы үшін де жіберген жоқ па?! Одан өзге, ол жер тұрғындарына тұрғылықты мекендерінен хиджра жасауға рұқсат болмады, және олар сол мекенде өмір сүре жүріп өзгелерге Исламды уағыздайды, осылайша Дәрул Исләм болады. Ал егер де олар ол мекендерінен һиджра жасап кетер болса, тұрғылықты жерлері Дәрул куфр болып қала береді» (Қараңыз: “Фәтәуа әр-Рамли” 4/52).
Осылайша, жерді анықтауда ол жердің кімге тиістілігі міндетті шарт болып есептелетіндігіне байланысты ғалымдар арасында әртүрлі пікір бар. Алайда, жер мұсылмандарға тиесілі болу керек деген ғалымдар пікірі күштірек болып келеді, себебі олай болмаған жағдайда Исламды ашық ұстанып жүре алуы – оларға рұқсат беретін немесе бермейтін жердің қожайынына байланысты болып қалады. Имам Әбу Бәкр әл-Исма’или өзінің мухаддис имамдар ақидасы туралы белгілі жолдауында: «Хадис білгірлерінің му’тазалиттерден айырмасы – хадис білгірлері Исламдық жер деп намазға ашық шақырылатын және намаз ашық оқылатын, мұсылмандар орныққан және қауіпсіз тіршілік ететін жерді айтады» дейді. (Қараңыз: “И’тиқаду аиммати аһлил-хадис” 26).
Имам әс-Сархаси: «Исламдық жер дегеніміз – мұсылмандарға тиесілі екендігін көрсететін белгісі бар елдімекен не жер атауы, ал оның белгісі болып (жердің мұсылмандарға тиесілі екендігін көрсететін белгісі) ол жерде мұсылмандар қауіпсіз және бейбіт өмір сүруі болып табылады» (Қараңыз: “Шарх әс-Сияр” 3/81).
Осы жерде айта кетерлік жайт, кейбір мұсылмандар шариғатпен төрелік жасалмайтын немесе басшысы кәпір болса, ол жерде мұсылмандар өмір сүріп, діндерін ашық ұстанса да Исламдық жер болып табылмайды деген кейбір имамдар пікірлерін дәлел ретінде келтіріп, күмән салады.
Дәлел ретінде олар кейбір ғалымдар пікірлерін келтіреді, мысалы Әбу Я’ланың: «Куфрдың заңы емес, шариғат заңы үстемдік ететін кез – келген жер Исламдық жер болып табылады. Ал, Шариғат заңы емес, куфрдың заңы үстемдік ететін кез – келген жер куфрдың жері болып табылады» деген сөзін келтіреді (Қараңыз: “әл-Му’тәмид фи усули-ддин” 267).
Немесе олар имам әл – Қасанидің: «Кез – келген жер не Исламға, не куфрға тиесілі. Егер ол жерде Шариғат заңдары қолданылса Исламға тиесілі, ал куфр заңдары қолданылса куфрға тиесілі болады» деген сөзін келтіреді (Қараңыз: «Бәдәи’у әс-сәнаи’» 9/375).
Бұл сөздерге бірнеше ескертулер бар:
Біріншіден: Имамдар сөздері өздігінен дәлел бола алмайды, оған ғалымдар арасында ешқандай талас жоқ, және олардың сөздері жоғарыда келтірілген дәлелдерге қарсы тұра алмайды және оларды жоққа шығара алмайды.
Екіншіден: Аталмыш имамдар сөздері дұрыс аударылмаған, оған біз ол сөздердің түпнұсқасын тексеру арқылы көз жеткіздік. Олар «шариғат заңдары» деп емес, «ахкәмул-Исләм» деп айтады, яғни Исламның рәсімдері мен заңнамалары.
Үшіншіден: «ахкәмул-Исләм» терминінің мағынасын мазһаб имамдарының өздері-ақ түсіндіреді:
Мысалы, Имам аль-Касанидің өзі: «Ислам ахкамдары анық көрініс берген кезде дәрул-куфр дарул-Исламға айналатындығы жөнінде біздердің (ханафиттардың) арамызда талас жоқ!» дейді (Қараңыз: «Бәдаи’у-ссәнаи’» 7/130).
«Ахкәмул-Исләм» сөзінің мағынасы тек «шариғатпен төрелік» етумен ғана шектелмейді, алайда бірінші кезекте: азан, жұма және айт (‘ид) намаздары және т.б. діни рәсімдерді орындау болып табылады. Ғалымдар, оның ішінде ханафиттік имамдардың өздері де бұл терминді нақ осылай түсінеді: “Дәрул куфрде жұма және айт (‘ид) намаздарын өткізу сынды Ислам ахкәмдары бекітілген кезде ол Дәрул-Исламға айналады” (Қараңыз: Ханафиттік кітап “әд-Дурул-мухтар” 4/130).
Дәл сол секілді қазы Абу Я’лянің сөздері жайында да айтса болады. Ханбалиттік фиқһ кітабында: “Дәрул-куфр жұма және айт намаздары секілді мұсылман ахкәмдарынан соң дәрул-Исламға айналады” делінген (Қараңыз: “әд-Дурарул-хуккәм” 1/331).
Шейх Ибн ‘Усаймин «Тафсир» сабағының 13 кассетасының 26 минутында «Ислам жері мен кәпірлер жерінің ажырау шекарасы қандай?» деген сұраққа: “Исламдық жер – ол билеушісінің кім екеніне қарамастан Ислам рәсімдері орындалатын жер. Тіпті ол жер билеушісі кәпір болса да, бірақ ол жерде Ислам рәсімдері орындалатын болса, онда ол жер Исламдық жер! Мысалы, азан айту, намазға тұру, жұма және айт намаздары, ораза ұстау, Хаджға аттану және т.б. болса, ендеше бұл билеушісі кәпір болса да Исламдық жер! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер біз билеушінің анық күпірлігін көрсек, онда онымен соғысуға бұйырды. Мұның түпкі мағынасы жер Исламдікі болып қала береді, алайда билеушімен соғысады және оны тағынан түсіреді!”деп жауап берді.
Сондықтан да басында келтірілген пікір ең дұрысы болып табылады және ол пікір көпшілік ғалымдардың, сонымен бірге шейхул-Ислам Ибн Тәймияның да ұстанған пікірі болып табылады.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия: “Қандай да бір территорияның кәпірлердің жері (даруль-куфр), Исламның жері (дәрул-Исләм) немесе пасықтардың жері (дәрул-фәсиқин) болып анықталуы айнымас анықтама емес. Жоқ, керісінше, мұндай анықтама ол жерді мекендеуші халықтарға тікелей байланысты. Иман келтірген және Аллаһтан қорқатын адамдар тұратын жер Аллаһқа жақын адамдар жері болып табылады. Дәл осылайша кез-келген кәпірлер тұратын жер сол өмір сүру уақыты аралығында кәпірлердің жері, ал кез-келген пасықтар мекен ететін жер сол уақыт ішінде пасықтардың жері болып табылады. Егер де бір жердің халықын келесі бір халық алмастырар болса, онда ол жер алмастырған халықтың жері болып есептеледі. Егер бір жерді мекендеуші халықты басқа бір халық ауыстырса, онда аталмыш жер сол ауыстырған халықтікі болады. Бұл мешітті шарапхана қылған, қоғамдық үй жасаған, пасықтық пен әділетсіздік орнына айналдырған немесе Аллаһтан өзге тәңірлерге табынатын шіркеу қылған секілді; мұндай жағдайда мешіт – ішін толтыратын адамдарға байланысты статусын өзгертеді. Және керісінше, кез-келген шарапхана, қоғамдық үй немесе сол секілді ғимарат сәйкесінше ондағы өзгеріске байланысты Аллаһқа құлшылық ететін мешітке айналып, статусын өзгертеді” (Қараңыз: “Мәджму’ул-фәтәуа” 18/281).
Шейхул-Ислам тағы да: “Бұл, оны білу міндетті болып табылатын маңызды негіз, шындығында қала оны мекендеушілерге байланысты белгілі-бір уақыт аралығында мақтаулы немесе даттаулы болуы мүмкін! Ал тұрғындардың жағдайы өзгерген кезде, қаланың да жағдай өзгереді. Мақтау да, даттау да, сыйлық та, жаза да иман мен ізгі істерге немесе күпірлікке, пасықтыққа және бағынбаушылыққа байланысты!” - деп айтты (Қараңыз: “әл-Фәтәуа әл-кубра” 2/446).
Сонымен бірге Шейхуль-Ислам: “Аллаһ Тағала Муса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға «Мен саған кәпірлердің жерін көрсетемін» - деді (аль-Ағраф 7: 145). Бұл жер оны мекендеушілер себінен солай болды, алайда артынша ол жер мұсылмандардың жеріне айналды! Және Құранда айтылатын бұл жер - ардул-муқаддәса (қасиетті). Жердің жағдайы адамдардың жағдайлары секілді! ” – деді (Қараңыз: “Мәджму’ул-фәтәуа” 18/282).
Сонымен қатар фикх бойынша белгілі кітаптардың бірі «Қауа’идул-фуқаһада» 1/288 жер анықтау тұрғысында “Ислам жері – тұрғындардың көпшілігі мұсылмандар болатын, өздерін ол жерде қауіпсіз сезінетін жер. Ал кәпірлердің жері мұсылмандар жерінің жағдайына қарама-қарсы, яғни тұрғындарының көпшілігі мұсылман емес жер” – деп айтылған.
Шейх әл-Әлбәни: «Шындығында, қазіргі таңдағы Ислам жерлері бұрынғыдай емес! Дегенмен не болса да, ол жерлер кәпірлердің жері болып саналмайды, ол Исламның жерлері» деді.
Шейх әл-Әлбәни тағы да: «Шейхул-Ислам Ибн Тәймияның патуаларынан, бізге белгілі-бір жер оның ішкі жағдайымен емес, оның тұрғындарымен төрелік етілетіні түсінікті болады. Егер қала тұрғындарының көбі мұсылмандар болатын болса, олардың басқарылуы Исламға сай келмейтін болса да, ол жер дәрул-Исләм» – деп айтты (Қараңыз: “Силсиләтул-һудә уә-ннур” № 771).
Шейх әл-Әлбәнидан: «Кейбір адамдар бір жердің көпшілік тұрғыны кәпір болғанымен, егер ол жерде Аллаһтың заңымен төрелік етілетін болса, онда ол жер Ислам жері, ал көпшілік тұрғыны мұсылман болғанымен Аллаһтың заңымен төрелік етпейтін болса, онда ол жер кәпірлердің жері деп айтады. Осы дұрыс пікір ме?» деп cұрағанда Шейх: «Жоқ! Бұл дұрыс пікір емес!» - деп жауап қатты (Қараңыз: “Силсиләтул-һудә уә-ннур” № 355).
Шейх Ахмад ән-Нәджмиден Алжир және Мағриб секілді елдерде Аллаһтың заңымен төрелік етілмесе де, олар исламдық елдер болып табылады ма деп Франциядан сұрағанда, Шейх: “Егер ел “Лә иләһә иллә Ллаһты” ашық көрсетсе, ол елде азан ашық шақырылса, мешіттерде намаз оқылса және т.б. онда ол ел Ислам елі деп айтылады!” деп жауап берді.
Аллаһ Тағала: «Ол (Иброһим): ‘О, Елшілер, сендердің мақсаттарың қандай?”-деді. Олар (періштелер): “Біз күнәһар адамдарға балшықтан жасалған тастар жаудыруға етуге жіберілдік, бұл сенің Раббыңның қылмыскерлер үшін белгілегені” – деп жауап берді. Біз ол жерден барлық иман келтіргендерді шығардық, бірақ ол жерден тек бір мұсылман үйін таптық» деді (әз-Зәрият 51: 31-36).
Шейх Ибн ‘Усаймин: “Бұл аяттан шығатын пайда: егер де бір қалада мұсылмандар басшылық қылса, онда ол қалада христиандар, яһудейлер, көпқұдайшылдар мен атеисттер (құдайды жоққа шығаратындар) өмір сүрсе де, ол қала Ислами қала. Себебі Аллаһ әйелі кәпір болғанына қарамастан Луттың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйін Ислами үй деп атады емес пе?!” – деді (Қараңыз: “Шарх әл-әрбә’ина ән-Нәуәуия”, хадис № 2).
Ал хауаридждерге келер болсақ, олардың алдыңғы және соңғы буынының сенімі бойынша егер ислами жердің басшысы кәпір болса, перғауын мен оның әскерлері секілді, ол жер де, ол жерді мекен ететін барлық тұрғындары да кәпір болып кетеді.
Имам Әбул-Хасан әл-Аш’ари хауаридж секталарының бірі «Бәйхасияның» белгілерін атап: “Олар: «Егер билеуші (имам) кәпір болса, оның халқының да барлығы кәпір болады» деп, сонымен қатар олар «Бұл жер көпқұдайшылдардікі, ал оның барлық тұрғыны көпқұдайшылдар» деп айтады” – деді (Қараңыз: “Мақоләт әл-исләмийин” 1/194).
Шейхул-Исләм Ибн Тәймия: “Хауаридждер мен бид`а иелері мұсылман жерлерін – кәпірлер жерлері деп, ал өздерінің жерлерін – иман жерлері деп санайды” (Қараңыз: “Мәджму’ул-фәтәуа” 19/72).
Әрі соңында, бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтаулар болсын дейміз!