«Әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа мадақ, пайғамбарлар мен елшілердің ең ардақтысына, оның отбасына және барлық сахабаларына игілік пен сәлем болсын.
Бізге 11-қыркүйекте АҚШ-та орын алған уақиғаларға қатысты өте көп сұрақтар келіп түсуде. Адамдар: «Шариғат бұған қандай қарайды?» және «Осы сияқты істерді ислам діні мақұлдайды ма?» – деп сұрайды.
Мен Аллаһтан көмек сұрап, мынаны айтамын: адамдарға Исламды сыйлаған Аллаһ бізге рахым етті. Ол бұл діннің іске асуы ретінде кез келген орын мен кез-келген уақытқа жарамды, жеке адамдармен қауымдардың жағдайларын жақсылыққа қарай өзгерте алатын, ізгілікке, әділеттілікке және қайырымдылыққа шақыратын, көпқұдайшылықтан, жамандықтан, зұлымдықтан және қиянатшылдықтан бас тартуға үндейтін кемел шариғатты бекітті.
Аллаһ бізді осы дінге қарай бағыттағаны және оның ұстанушылары мен жақтаушылары еткені – Оның ұлы нығметтерінің бірі болды, өйткені шариғаттың үкімдеріне бағынатын, Аллаһтың Елшісінің Сүннетіне ілесетін және ешбір нәрседе бұл діннен ауытқымайтын мұсылман екі дүниеде де ешбір зиян шекпейді.
Мыңдаған адамдардың өліміне әкеп соқтырған АҚШ-тағы қайғылы уақиға, күмәнсіз, шариғат құптамайтын амалдардың қатарына жатады, Исламға ешқандай қатысы жоқ және оның шариғат негіздерімен үйлеспейді. Бұл төменде келтірілген нұсқаулармен расталады:
1. Аллаһ Тағала әделеттен таймауға бұйырды, өйткені әделетке жер мен көктер сүйеніп тұр, және әділетке адамдарды оларға жіберілген елшілер мен көктен түскен Кітаптар шақырып отырды.
Аллаһ Тағала айтты:
«Негізінде Аллаһ әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан және зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине, түсінерсіңдер». (Нәхл сүресі, 90-аят)
Аллаһ Тағала, сондай-ақ, былай деді: «Расында, елшілерімізді ашық мүғжизаларымызбен[1] жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік». (Хадид сүресі, 25-аят)
Сондай-ақ, әділеттілігі мінсіз кемел Аллаһ ешкімге өзгенің күнәсін жүктеу болмайтындығы туралы үкім етті: «Ешкім басқаның (күнәсының) жүгін көтермейді». (Нәжм сүресі, 38-аят)
2. Аллаһ, Оған мадақтар болсын, зұлымдықты Өзіне Өзі харам етті және оны құлдарының өзара қатынасында да харам деп жариялады. Бұл жөнінде сахих хадистердің бірінде Аллаһтың былай дегені жеткізілген: «Әй, Менің құлдарым, ақиқатында, Мен зұлымдықты Өзіме харам еттім және Оны сендердің араларыңда харам еттім; ендеше, біріңе бірің езгі жасамаңдар!» Муслимнің «Сахихы», №6572 хадис.
Бұл Оның барлық құлдарына қатысты айтылған, мейлі олар мұсылман болсын яки болмасын, сондықтан да олардың ешбіріне басқа біріне қатысты зұлымдық жасауға рұқсат етілмейді және де ешкім бұған, дұшпандықтың немесе өшпенділіктің әсерімен болса да, жол бермеуі керек.
Аллаһ Тағала былай деді:
«Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ.…» (Мәидә сүресі, 8-аят)
Сөйтіп, дұшпандық немесе өшпенділік сезімдері зорлық пен зұлымдыққа заңды негіз бола алмайды.
Жоғарыда баяндалғандарды ескеріп, барлық елдер мен халықтар, олар Исламды ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан, мыналарды білуге тиіс:
1. АҚШ-та орын алған, сондай-ақ осыған ұқсас басқа да: ұшақтарды басып алып қашу, бейбіт тұрғындарға үрей салу немесе жазықсыз адамдарды өлтіру сияқты іс-әрекеттер зұлымдық пен езгінің бір түрі болып табылады. Мұндай әрекеттерді шариғат құптамақ түгілі, оларға тыйым салады және ең ауыр күнәлар қатарына жатқызады.
2. Өз дінінің қағидаттарымен таныс болған және де іс жүзінде Құран мен өзінің пайғамбарының Сүннетінің нұсқауларын ұстанатын мұсылман мұндай әрекеттерге қатысудан қашады, өйткені олар адамға Аллаһтың қаһарын төктіреді және зиян келтіреді.
3. Мұсылман үмметінің ғалымдары мұндай оқиғалардың шынайы мәнін көрсетуге міндетті, бүкіл әлемге шариғаттың ұстанымын және Ислам діні мұндай әрекеттерді еш құптамайтынын түсіндіруі керек.
4. Бүлік тарату, Исламды және мұсылмандарды қаралау және адамдардың жүрегінде дұшпандық сезімдерді лаулату мақсатымен мұсылмандарға қарсы айып тағып, бұл ақиқат дінді қаралап, Исламға қатысты болмаған нәрсені оған таңаған ақпарат құралдарының артында тұрғандар ақылға тоқтап, өз дінінің ереже-қағидаттарымен таныс болған кез-келген әділетті және ақылды адам туралы былай айтуға жол берілмейтіндігін, сол сияқты оған қарсы мұндай айып тағуға болмайтындығын түсінуге тиісті. Өйткені, Исламды ұстанатын халықтар, ғасырлар бойы үнемі адамдардың құқықтарын құрметтейтін еді және зұлымдық пен зорлық көрсетуден сақтанатын еді.
Айтылғандардың барлығы ақиқатты түсіндіреді және түсінбеушіліктерді жояды. Аллаһтан бізге ақыл-парасат беруін, бізді бейбітшілік жолдарымен жүргізуін, Өзінің дінін нығайтуын және Өзінің Сөзін ұлықтауын тілеймін. Пайғамбарымыз Мухаммедке, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Абд әл-Азиз бин Абдуллах бин Мухаммед Әл әш-Шейх,
Сауд Арабиясы Корольдігінің Бас мүфтиі,
Ең ірі ғалымдар Комитетінің және
Ғылыми зерттеулер мен пәтуа бойынша
Басқарманың басшысы