Шайтанның уәс-уәсінің түрлері туралы (кемшілік жіберу және шектен шығу)

Біз Өзін ғана мадақтайтын және Өзінен ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз, және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз. Уа, Аллаһ, оған, оның отбасы мен сахабаларына, және Ақырет Күніне дейін оның жолы мен басшылығына ілескендердің барлығына рахметің мен игілігіңді сыйлай гөр!

Ал содан соң:

Ақиқатында, шайтаның мұсылмандарды уәс-уәстайтын және адастыратын екі жолы бар. Олардың біреуіне ол күнәларға бейім, селқостыққа және дінге деген немқұрайлыққа берілетіндерді итермелейді. Мұндай мұсылманға ол күнәларды және нәпсісінің дегенімен жүруді әдемі етіп көрсетіп, оны Аллаһқа және Оның Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) мойынсынудан алыстатады. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Жәннәт (нәпсі) ұнатпайтын нәрселермен, ал Тозақ әуес-қалаулармен қоршалған». әл-Бухари 6487, Муслим 2822.

Ал басқа жолға шайтан ғибадатта және Аллаһқа бағынуда ыждағаттылық танытатындарды итермелейді. Мұндай адам үшін ол шектен шығушылықты әдемі етіп көрсетіп, дінді бұзу үшін, онда орынсыз нысапсыздық жасауға итермелейді. Пәк Аллаһ Тағала былай деді: «Йә, Кітап Иелері! Діндеріңде нысапсыздық көрсетпеңдер және Аллаһ туралы тек шындықты айтыңдар!» (ән-Нисә 4: 171).

Аллаһ Тағала сондай-ақ, былай деді: «Әй, Кітап иелері! Ақиқатқа қарсы діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар, және бұрынрақ тура жолдан тайып, адасушылыққа түскен және өзге көпшілікті адастырған адамдардың әуесін құптай бермеңдер!» – де». (әл-Мәидә 5: 77).

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Діндегі нысапсыздықтан (орынсыз артық нәрселерден) абай болыңдар, өйткені сендерден бұрын өмір сүргендерді діндегі шектен шығушылықтары опат қылды!» – деді. Бұл хадис сахих болып табылады. Оны имам ән-Нәсәи тағы да басқалар келтіреді. Бұл хадис – Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығы кезінде айтқан хадистерінің қатарынан. Ол жөнінде толық шейх әл-Әлбәнидің «әс-Сильсилә әс-сахиха» сынан қараңыз 1283.

Ескертпе:

Айтылып жатқан нәрсеге біз күнде куәгер болудамыз. Мұсылмандардың арасында шариғаттың қандайда бір бұйрықтарын елемейтіндер, немесе оларға немқұрайлы қарайтындар қаншама?! Олардың арасында, мысалы: «Сақал қоюдың еш қажеті жоқ, ең бастысы адам өз жүрегінде салиқалы болса болды», – деп айтатындарды кездестіруге болады. Басқалары, доктор Кәрдауи сияқты, Исламдағы достық және қатысы жоқтық (әл-уәлә уәл-бәра) принципін және шабуыл джихадын жоққа шығарады. Үшіншілері дүние пайдасы мен құрметті кресло үшін әмірлерге жағымпазданып, Исламның принциптерін бұрмалайды. Сондай-ақ, бір-біріне бөтен болған мұсылман ерлер мен әйелдер тыйымдарға қарамастан бірігіп кештер мен дастархандар ұйымдастырып, тіпті өзара қол алысып жүргендерін, немесе мұсылман әйел уәлисіз басқа елге сапарға шығып келіп және осыда еш айып көрмей жүргенін көрудеміз. Және осындай мысалдар өте көп.

Ал басқа жағынан, біз осыған қарама-қайшы болған басқаша шекке шығуды көре аламыз. Мысалы, мұсылмандар өздерінің дінге деген қызғаныш сезімін сылтаулатып кез-келген адамның барлығын ретсіз күпірлікте айыптап жатқанын көруге болады. Бұл жөнінде шейх Ибн ‘Усәймин: “Біздің кезімізде өздерін дінге таңып және тәрізді болған діни қызғаныштарына негізделіп Аллаһ және Оның Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) күпірлікте айыптамағандарды күпірлікте айыптап жүргендерді кездестіруге болады!”. “Шәрх әл-Қауә‘ид әл-муслә” 77.

Міне осы принциппен олар ислам елдерінің әмірлерін күпірлікте айыптап, ал елдердің өздерін кәпірлердің жерлері деп атауға асығады. Шейх Салих әл-Фәузан былай дейтін: “Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаса және оларға қарсы шығуға шақырса, сол – хауәридж!” Тыңдаңыз: “Шәрх Нәуәқидуль-Исләм”.
Жас мұсылман жігіттер мен әйелдер өз ата-аналарын күпірлікте айыптап жатқанын да көруге болады, ал егер ата-аналары шариғат бойынша іс жүзінде солай болса да, қалайша олар ата-анасына қатысты дұшпандық көрсетіп, дінде нысапсыздық жасайды екен?! Өйткені, тіпті кәпір ата-аналар туралы Аллаһ Тағала: «Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның – Мен жақ. Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, Оларға бағынба! Олармен дүниеде жақсылықпен жолдас бол!» – деп бұйырады. (Луқмән 31: 15).

Тіпті, ата-аналар баласына ширк жасатуға ыждағаттылық танытса да, Аллаһ оларға мұндай ұлы күнә жасауда бағынбауды бұйырады, бірақ бәрібір оларға ізгі қарым-қатынас жасауды әмір етеді! Ал өз балаларын ширк жасауға мәжбүрлемейтін, алайда балалары олармен болған туысқандық қатынасты үзіп, тіпті оларды асыраудан бас тартып жатқан ата-аналар туралы не айтуға болады?! Имам әл-Хаттаби былай дейтін: “Мұсылман ұл бала өз ата-анасын, тіпті олар кәпір болса да, асырауға міндетті”. “Фәтхуль-Бәри” 5/234.
Шейх Ибн әл-Қайим: «Туысқандық байланысты үзуші Жәннәтқа кірмейді», – деген хадисті келтіріп: “Туысқандық байланысты ұстап тұру міндетті болып табылады, тіпті кәпірлермен де”. “Әхкәму әхли-ззиммә” 2/317.

Сондай-ақ, ғалымдарды, олардың айтқандары өздерінің қалауларына сәйкес келмегендіктен, екіжүзділікте айыптап жатқандарды көруге болады. Өз негізінде халәл болған нәрселердің көбін харам етіп жатқандарды да көруге болады. Сондай-ақ, хабарсыз және құзырсыз адамдардың Ислам үмметінің көкейтесті мәселелерін талқылап, шешуге кірісіп жатқанын да көре аламыз. Бір әйелдердің басқа әйелдерді әкелерінен де, күйеулеріненде сұрамай джихадқа шығуға шақырып жүргенін де көрудеміз.
Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ақиқатты айтты: «Ақиқатында, адамдар үшін сондай бір, өтірікшілерге сеніп, шыншылдарға сенуді қоятын; қиянатшылдарға аманат тапсырып, сенімге лайық болғандар жайлы опасыз ба деп күдіктенетін; және сөз рууәйбидаларда болатын замандар келеді». Одан: “Рууәйбида деген кім?” – деп сұрағанда, ол: «Жаппай адамдарға қатысты мәселелер туралы сөйлейтін ақымақ!» – деді. Әхмәд 2/291, Ибн Мәжжәһ 4036. Хафиз Ибн Хаджәр, хафиз Ибн Кәсир, шейх Әхмәд Шәкир және шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деді.

Өзгенің мал-мүлкі қиянатшылдықпен меншіктелуіне, тіпті тыйым салынған қантөгуге орын беріліп жатқанын да көруге болады. Абу Қатада Филистыни сияқты кімселердің адам өлтіруді, оның ішінде әйелдер мен балаларды өлтіруді рұқсат етіп жатқандарын көрудеміз. Алайда, мұндай нәрсе ақиқаттан алыс, Аллаһтың да, Аллаһтың елшісінің де (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл шекке шығушылыққа салынған адамдар оларға телитін нәрселеріне еш қатысы жоқ. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өздеріңе қарсы соғысқандармен Аллаһ жолында соғысыңдар, бірақ, рұқсат етілгеннің шегінен шықпаңдар. Негізінен, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді». (әл-Бақара 2: 190).

Ибн Аббас Аллаһ Тағаланың осы сөздеріне түсіндірме беріп, былай деді: “Әйелдерді, балаларды, қарттарды және сендерге бейбітшілікпен бет бұрып, өздеріңмен соғыспайтындарды өлтірмеңдер! Ал егер осыны істесеңдер, онда сендер – шектен шығушысыңдар!” “Тафсир әт-Табәри” 2546.

Имам ән-Нәуәуи былай деді: “Кәпірлердің әйелдері мен балаларын, егер олар шайқасуға қатыспайтын болса, өлтіруге тыйым салынғандығы туралы ғалымдар бір ауызды келісімде!” “Шәрх Сахих Муслим” 11/292.

Имам Ибн Рушд: “Әйелдер мен балаларды, егер олар соғыспайтын болса, өлтіруге болмайтындығы жөнінде мұсылмандардың ішінде келіспеушіліктер жоқ ”, – деді. “Бидаятуль-муджтәхид” 1/386.

Өкінішке орай, біздің кезіміздегі көптеген мұсылман түсіп жатқан шектен шығушылықтардың мысалдары өте көп.

Шейх Ибн әл-Қайим шайтанның айлаларының түрлерін атап өтіп, былай деп жазған: “Кейбір ізгі саләфтар былай дейтін: «Аллаһтан қандай бұйрық келсе де, шайтан міндетті түрде осыда ықпал етудің екі тетігіне ие болады: не босаңсу мен кемшілік, не шектен шығушылық пен нысапсыздық. Және ол осы екі жағдайдың біреуімен үстем болуын тоқтатпайды». Адамдардың көпшілігі, азғантайынан басқа, бұл екі қалыптың біреуінде: не босаңсуда, не нысапсыздықта болады. Және кейбіреулері ғана Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары жүрген тура жолда бекем тұрады!” “Иғасату-лләхфән” 1/116.

Сондай-ақ, Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Адамдамдардың көпшілігі Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселері арқылы ғибадат етіп, осынысын мойынсыну және жақындау деп нық сенеді. Және мұндай адамның жағдайы, өзінің істеп жатқаны күнә екендігін түсінетін адамның жағдайынан жаман!” “Иғасату-лләхфән” 2/181.

Және шайтанның шектен шығушыларға және нысапсыздық танытушыларға қатысты айлаларының қатарынан – бұл оның оларға өз әуес-қалауларына ілесуді және дінді бұрыс түсінуді әдемі етіп көрсетуі. Ол оларды ғалымдарға жүгінуден алыстатады, ғалымдар оларға ақиқатты түсіндіре алмауы және тура жолға нұсқай алмауы үшін, және сөйтіп оларды өз адасушылықтарымен алданып қала беруі үшін. Аллаһ Тағала былай деді: «Және әуес-қалауға ерме, әйтпесе ол сені Аллаһтың жолынан тайдырады!» (Сад 38: 26).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді:
«Аллаһтың басшылығынсыз өз қалауларына ергеннен кім артығырақ адасушы болып табылады?» (әл-Қасас 28: 50).

«Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны игілік деп санайтын біреу тура жолға ілесушімен тең бе? Аллаһ қалағанын адастырып, қалағанын тура жолга салады».(Фәтыр 35: 8).

«Ал сонда Раббысынан түскен басшылыққа ілескен біреу, өзіне жаман амалы әдемі көрсетіліп, әуестерін құптай берген біреумен тең бе?» (Мухаммад 47: 14).

«Ол – Аллаһ, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар – Кітаптың негізгі іргетасы. Сондай-ақ, астарлы ұғымдағы өзге аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық таратқысы келіп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі». (Әли ‘Имран 3: 7).

Имам әл-Бухаридің (4547) және имам Муслимнің (2665) жинақтарында Айшадан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен мына хадис риуаят етіледі. Бірде Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыда келтірілген аятты оқыды да: «Егер айқын болмаған нәрсеге ілесушілерді көрсең, біл: міне осылар – Аллаһ олар туралы айтқандардың дәл өздері, ендеше, олардан сақ бол!» – деді.

Ескертпе:
Әбу Ғалиб, (адамдар) Абу Умәмәдан: “Бұл аятта аталғандар кімдер?”, – деп сұрағанда, ол: «Олар – хауәриждер!» – деп жауап бергенін баяндаған. Ибн Нәср «әс-Сунна» 55. Иснады хасан.

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһ кімге игілікті қаласа, Ол оны дінді жетік түсінуші қылады». әл-Бухари 71, Муслим 1037.

Бұл хадис Аллаһ өзінің құлына игілікті қалауының бір белгісі етіп оны дінді дұрыс түсінушілерден қылатынына нұсқайды. Сондай-ақ, осыдан – кімге Аллаһ игілікті қаламаса, Ол оны дінді түсінуге алып келмейтіні де шығады. Тіпті Ол оны діннің бұрмаланған түсінігімен зақымдайды.

Аллаһ Тағаладан бізді шекке шығушылықтардан сақтауын және тура жолда мығым тұрушылардан етуін сұраймыз!

Аллаһ Тағаладан мұсылмандарды дінді дұрыс түсінуге алып келуін және оларды айқын да, жасырын да адасушылықтар мен бүліктерден сақтауын тілейміз.

Ал соңында да Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

Аллаһтың сәлемі мен игілігі Оның құлы және пайғамбары Мухаммадқа, сондай-ақ, оның отбасы мүшелеріне және сахабаларына болсын!

Шейх ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад әл-Бәдрдің “Қандай ақыл-парасат және дін терактілерді джихад деп атай алады?! Уа, жастар, естеріңді жиыңдар!” кітабынан алынған