Жер бетінде тәртіп орнатылғаннан кейін онда бұзақылық таратуға болмайды

Әбу Умар әл-Ғаззидің «Өзін-өзі өлтіру актілерінің және жарылыстардың ауыр зардаптары» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Кітаптың ең көлемді бөлігін ««Шәһидтік» актілерді жақтаушылардың дәйектері және оларды теріске шығару» атты тарау алады. Онда автор адасушылардың негізгі дәйектеріне бірме-бір тоқталып, оларды Құран және Сүннеттің мәтіндерімен және ғалымдардың пікірлерімен теріске шығарады.

«Шәһидтік» актілерді рұқсат етушілер, өзге дәйектерінің қатарында Аллаһ Тағаланың мына сөздерін де атап кетеді: «Өйткені, олардың Аллаһ жолындағы шөлге душар болуы, шаршауы, ашығуы, кәпірлерді ызаландыратын әрбір басқан қадамы және дұшпанға тигізген әрбір жеңілісі оларға міндетті түрде жақсы амал ретінде жазылады». (әт-Таубә; 120).

Дұшпанның ашуын туғызуға қабілетті әрекеттерді жасауға тек олар Шариғатқа сәйкес болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Ал, егер дұшпанның ызасын тудыратын әрекеттер Шариғатқа қайшы келсе, онда олар игі болып есептелмейді. «Шәһидтік» актілер Шариғатқа қайшы келеді, өйткені бізге кәпірлердің әйелдері мен балаларын қасақана өлтіруімізге рұқсат етілмейді, тіпті бұл жоғарыда келтірілген аятта айтылған жеңіліске жатса да. Тура сол сияқты, мұсылман адамға өзін-өзі өлтіруге де рұқсат етілмейді.

Дұшпанның бір нәрсесін ұрлау арқылы да оның ашуын туғызуға болады. Алайда Ислам ұрлықты рұқсат етеді ме? Әрине, жоқ!

Егер дұшпанның әйелін ұстап алып, онымен зина жасаса да – оның қахарын туғызуға болады. Кітаптарды, кітапханаларды және құжаттарды өртеу, көпірлерді, мектептерді, ауруханаларды, заводтарды және туннелдерді жару, ұшақтарды басып алу, өзендерді және су көздерін улау, малды өлтіру – бұл әрекеттердің барлығы дұшпанның ызасын туғыза алады. Алайда осы олардың рұқсат етілгендігін білдіреді ме? Жоқ және мың рет жоқ!

Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Адамдардан кейбіреулерінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол – өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді». (әл-Бақара; 204-205);

«Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүлікшілік қылмаңдар». (әл-Әғраф; 56)

Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін, бұл аятқа тәпсір жасап: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салды. Аллаһтың құлдары үшін олардың істері тәртіпке келтірілгеннен және оларға дұрыс бағыт берілгеннен кейін жасалған бүлік пен бұзушылықтан не зиянды болады? Аллаһ Тағала бұған тыйым салды!» – деді.

Әл-Қуртуби былай деп айтқан: «Аллаһ Тағала кіші, немесе үлкен түзетуден кейін қандай болса да, көп немесе аз дәрежедегі бұзақылық пен бүлдіру жасауға тыйым салды және ең дұрыс пікір бойынша бұл үкім барлық адамға қатысты».

Ал, егер де біреу: «Мақсатқа жеткізетін құралдарға мақсаттың өзіне қарағандай тәсілмен қарау керек», – деп айтса, біз оған былай деп жауап береміз: «Бұл ереже дұрыс, егер құралдар өздігінше тыйым салынған (харам) болмаса, өйткені біздің дінімізде мақсат құралдарды еш ақтамайды. Біздің дініміз Макиавеллидің өз мақсаттарына жету үшін кез-келген нормаларды елемеу принципін үзілді-кесілді түрде теріске шығарады».