Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге бағыну туралы» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз
Мұсылман адам әмірді тыңдауға және оған мойынсұнуға, сондай-ақ, ол туралы жаман сөздер айтпауға міндетті, өйткені әмірге мойынсұнбау дін мәселелерінде де, дүние тіршілігінде де жаман зардаптар әкеледі. Осындай зардаптардың бірі болып- мұсылмандардың қуаттылығының әлсіреуі болып табылады, соның салдарынан мұсылман халықтарының дұшпандары өздерінің жауыз жоспарларын тезірек амалға асыра алады. Егер мұсылман әмірі өз халқының арасында құрметке ие болса және қоластындағылары оның Аллаһтың заңына сәйкес берілетін әмірлерін орындаса, онда Исламның жаулары да одан қорқатын және құрметтейтін болады. Ал егер мұсылмандардың өздері өз әмірін құрметтемесе, онда олардың жаулары да одан сескенбейді. Ал бұл – олардың мұсылмандарға деген менсінбеушілігінің көрінісі болады. Сондықтан да мүмін мұсылмандар барлық мұсылмандардың тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгі жүктелген адамды құрметтеуі қажет, бүкіл дүние жүзіндегі адамдар оның алдында да, барлық мұсылман халықтарының алдында да құрмет пен қорқынышты сезінулері үшін. Аллаһ Тағала былай деді:
«Әй, мүминдер, Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, пайғамбарға ұсыныңдар, егер сендер Аллаһқа, Ахирет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы – хайырлы және нәтижеде жақсы». (ән-Нисә 4:59).
Ибн Аббас бұл аят Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған иглігі мен сәлемі болсын) мұсылман отрядының басшысы ретінде жорыққа жіберген Абдуллаһ ибн Хузафаға байланысты түсірілген деді. (әл-Бухари және Муслим).
Билік иелері болып кімдер табылатыны жайлы Құран тәпсіршілері бірнеше пікірлер білдірген. Әбу Хурайра, Ибн Аббас, Зәйд ибн Әсләм, әс-Судди және Муқатиль бұл – билік басындағы әмірлер деп есептеген. Ибн Аббас та бұлар – мұсылман ғалымдары деп айтқан. Бұл пікірді, сондай-ақ, Ибн Әбу Талха, Джәбир ибн Абдуллаһ, әл-Хасан әл-Бәсри, Әбу әл-Алийә, Муджәхид, ан-Нәхаи және әд-Даххақ ұстанған. Икрима бұл аятта Әбу Бакр және Умар ибн әл-Хәттаб айтылып тұр деп есептеген. Онда Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) барлық сахабалары туралы сөз болуда деген пікір де бар.
Ибн Кәсир Құранға жасаған өзінің тәпсірінде (1/519) былай деп жазған: «Бұл мұсылман әмірлерінің және ғалымдарының барлығына қатысты болуы ықтимал, ал Аллаһбұл жөнінде жақсырақ біледі».
Имам әш-Шәукани Құранның «Фәтх әл-Кадир» деп аталатын тәпсірінде (1/480): «Билік иелері бұл – мұсылман имамдары, әмірлері, қазылары және шариғатқа сәйкес, бірақ кәпірлердің және шайтанның заңдарына сәйкес емес, билік берілгендердің барлығы. Олар әмір еткеннің немесе тыйым салғанның барлығында бағыну керек, егер бұл – күнә болмаса, өйткені Аллаһтың жаратылысына Аллаһтың өзіне мойынсұнбаушылық жасап бағынуға болмайды. Бұл жөнінде Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахих хадистерінде хабар етіледі».
Шейх-уль-ислам Әхмәд ибн Таймийә (хиджраның 728 жылы қайтыс болған) «Мәджму‘ әл-Фәтауә» жинағындағы өзінің бір пәтуасында (35/16-17) былай деп жазған: «Әрбір адам Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнуы қажет. Әрбір адам сондай-ақ әмірлерге де мойынсұнуы қажет, өйткені мұны Аллаһ бұйырды. Аллаһтың және Оның Елшісінің әміріне мойынсұнатын және өзінің әмірінің бұйрықтарын тыңдайтын әрбір адам Аллаһтың сыйын алады. Ал егер адам әмірге тек ол оған биліктен немесе байлықтан үлес берген кезде ғана мойынсұнса, ал кері жағдайда оған қарсы келсе және оның әмірлеріне мойынсұнбаса, болашақ өмірде оның үлесі болмайды».
Әбу Хурайра Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Кім маған мойынсұнған болса, ол Аллаһқа мойынсұнды, ал кім маған мойынсұнбаған болса, ол Аллаһқа мойынсұнбады. Кім мен тағайындаған әмірге мойынсұнған болса, ол маған мойынсұнды, ал кім мен тағайындаған әмірге мойынсұнбаған болса, ол маған мойынсұнбады». (әл-Бухари және Муслим).
Ибн Хаджәр әл-Әскәләни «Фәтх әл-Бари» кітабында (13/112) осы хадистің шархында былай деген: «Ибн әт-Тин қурайштықтар да, басқа арабтар да ешкімнің билігін мойындамаған және кез-келген әмірлерге қарсылық көрсеткен. Ал Пайғамбар, Аллаһтың ған игілігі мен сәлемі болсын, бұл сөздерді олар ол отрядтарды басқаруға немесе қалаларда билік атқаруға тағайындаған адамдарға мойынсұнуы және оларға қарсы көтерілмеуі үшін айтты. Әйтпесе мұсылмандардың арасында келіспеушіліктер пайда болар еді».
Әбу Хурайра Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Сен әмірге өзіңе жеңіл және ауыр болған барлық нәрседе құлақ салуың және мойынсұнуың қажет, бұл саған ұнаса да, ұнамаса да, тіпті ол саған тиісті нәрсені иемденсе де». (Муслим).
Ол, сондай-ақ, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Үш адаммен Қиямет күні Аллаһ сөйлеспейді де,оларды тазартпайды да және олар азапты жазаға дұшар болады. Олар: жолдың бойынан құдық тауып алып, оған өзгелерді жақындатпаған адам; имамға тек дүние пайдасы үшін ант берген және қалаған нәрсесін алған кезде ғана антына берік болған адам; және тауарын сатып жатып оған осыншама ақша төледім деп Аллаһпен ант ететін, ал шындығында онша ақша төлемеген, ал сатып алушы оның сөзіне сеніп тауарын сатып алатын саудагер». (әл-Бухари және Муслим).
Ол, сондай-ақ, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты деп баяндаған: «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарған: олардың біреуі қаза тапса, оның орнына басқасы келетін. Менен кейін басқа пайғамбарлар болмайды, бірақ әмірлер болады, көптеген әмірлер». Одан: «Ендеше, біз не істеуіміз керек?» – деп сұрағанда, ол: «Берген анттарыңа берік болыңдар, ал Аллаһ олардан қоластындағылардың барлығы үшін сұрайды». (Муслим).
Әбу Зарр былай дейтін: «Менің сүйіктім маған әмірге бағынуды өсиет етті, тіпті егер ол – мүшелері шауып тасталған құл болса да». (Муслим).
Әнәс ибн Мәлик Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Тыңдаңдар және мойынсұныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы жүзімдей болған хабәшилік құл билік жасаса да». (әл-Бухари).
Умм әл-Хусайн Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығы кезінде былай деп айтқанын естігенін баяндайды: «Әмірлерге құлақ асыңдар және мойынсұныңдар, тіпті егер сендерге Аллаһтың Кітабына сәйкес басқаратын құл билік жүргізсе де». (Муслим).
Ибн Мәс‘уд Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі, сол уақытты көріп үлгеретіндерімізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрағанда, ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Аллаһтан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруын тілеңдер», – деп жауап берді. (әл-Бухари және Муслим).
Саләмә ибн Йәзид әл-Джу‘фи бірде Аллаһтың Елшісінен (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың пайғамбары, егер бізден міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?» – деп сұрады. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі немесе үш рет қайталады және әр кез пайғамбар оған теріс қарай берді. Сонда әл-Әш‘ас ибн Қайс Саләмәны қолынан тартты, бірақ осы кезде Пайғамбар: «Тыңдаңдар және мойынсұныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер», – деді. (Муслим).
Абдуллаһ ибн Әмр ибн әл-‘Ас Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндайды: «…Егер біреу әміріне ант берсе және оған көмекке қолы мен жанын ұсынса, онда оған күші жететін барлық нәрседе мойынсұнсын. Ал егер біреу оны билігінен айырғысы келсе, оның басын шауып тастаңдар». (Муслим).
Хузәйфә баяндаған хадисте Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Менен кейін өсиеттерімді басшылыққа алмайтын және менің жолыма ілеспейтін әмірлер келеді. Олардың араларында шайтан жүректі адам бейнесіндегі ерлер болады». Мен одан: «Ендеше мен не істеуім керек?» – деп сұрадым. Ол: «Өзіңнің әміріңді тыңда және оған мойынсұн, тіпті егер ол сені зәбірлесе де және сенің мал-мүлкіңді иемденсе де. Оны тыңда және оған мойынсұн». (Муслим).
Әрбәд ибн Сарийә былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде бізге жүректерімізді толғандырған және көздерімізді жасауратқан құтпа оқып берді. Біз оған: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бұл қоштасу құтпасына ұқсайды ғой. Ендеше сен бізге нені өсиет етесің?» – дедік. Ол: «Мен сендерге Аллаһтан қорқуды және әмірлеріңді тыңдап, оларға мойынсұнуларыңды өсиет етемін, тіпті сендерге құл билік жүргізсе де. Ақиқатында, менен кейін өмір сүретіндерің көптеген келіспеушіліктерді көреді. Сондықтан менің жолымды және ізгі халифалар жолын ауытқымай ұстаныңдар және оған азу тістеріңмен жармасып алыңдар. Діндегі жаңалықтардан сақтаныңдар, өйткені кез-келген бидъат – бұл адасушылық». (Әбу Дауд, әт-Тирмизи, Ибн Мәджәһ; әл-Әлбәни хадистің сахихтығын растады).
Сондықтан имам Ибн Раджәб «Джәми‘ әл-‘Улум уә әл-Хукум» кітабында (2/117) былай деп жазған: «Мұсылман әмірлеріне мойынсұну – бұл дүниедегі бақыттың кепілі. Ол Аллаһтың құлдарына олардың күнделікті істерінде пайда әкеледі. Оның арқасында олар жер бетінде өздірінің дінін орнатады және өздерінің Раббыларына мойынсұнады».
Шейх-уль-ислам Ибн Таймия өзінің пәтуаларының бірінде (35/20-21) былай деген: «Мен Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға әмірлерге күнә болмаған істердің барлығында мойынсұнуды бұйырғанын бірнеше рет сызып айтқанмын. Ол, сондай-ақ, оларға игі насихат беруді, олардың шешімдеріне және олардың мал-мүлікті бөлуіне сабырлықпен қарауды, олармен бірге әскери жорықтарға шығуды, олардың артында ұйып жамағат намаздарын оқуды және барлық игі бастамаларда оларға ілесуді де әмір етті. Бұл барлық мүміндерге қатысты және өзінің осыған деген қатыссыздығын тек қаусаған шал ғана ақтай алады. Дәл осылайша мұсылмандар бір біріне игілікте және тақуалықта болысады. Дегенмен, оларға әмірлердің өтірігін мақұлдауға, оларға зомбылығында және зұлымдығында көмектесуге, күнәлі істерде оларға мойынсұнуға және т.с.с. тыйым салынады. Мұндай істер күнәға және өшпенділікке болысу деп бағаланады».
Аллаһ тыйым салған нәрселерде мойынсұнуға болмайды
Абдуллаһ ибн Умар Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Мұсылман адам бұл оған ұнаса да, ұнамаса да, әмірлерді тыңдап, оларға мойынсұнуы қажет, тек егер оған күнәлі іс бұйырылмаса ғана. Ал егер оған күнә істеу бұйырылса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынсұнбауы қажет». (әл-Бухари және Муслим).
Әбу Абд әр-Рахмән ибн Али былай деп баяндайтын: «Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды жорыққа аттандырып, Мәдинәның бір тұрғынын басшы етіп тағайындап, қалғандарына оған мойынсұнуды бұйырды. Бірде жолда ол ызаланды да, адамдарға: «Пайғамбар сендерге маған мойынсұныңдар демеді ме?» – деді. Адамдар: «Ия», – деп жауап берді. Сонда ол: «Ендеше маған отын жинаңдар!» – деді. Адамдар отын жинап болғанда, ол от жағуды, содак кейін оған кіруді бұйырды. Адамдар тынышсыздана бастады да: «Біз пайғамбардың дініне Оттан құтылу үшін кірдік…», – деді. Олар от сөніп бітпейінше және қолбасшысының ашу-ызасы тарамайынша орындарынан қозғалмады. Қайта оралған соң олар болған нәрсе туралы Пайғамбарға жеткізді және ол: «Егер олар оған кіргенде, Қиямет Күніне дейін одан шықпайтын еді. Ақиқатында, Аллаһ әмір еткен нәрселерде мойынсұну қажет», – деді.» («Фәтх әл-Бәри», 8/58).