Ғалымдар – дінді дұрыс түсінуге көмектесетіндер

Мейірімді Рахымды Аллаһтың атымен!

Аллаһ Тағала былай деп айтады:«Міне осы мысалдарды адамдар үшін көлтіреміз. Бірақ оларды білімге ие болғандар ғана түсінеді». (әл-‘Анкәбут 29: 43).

Шейх Ибн әл-Қайим өзінің танымал өлең жолдарында мынандай ұлы сөздерді айтқан: “Надандық – өлтіретін ауыру, оның шипасы екі нәрседе – Құран мен Сүннетте, ал дәрігері – дана ғалым болып табылады!” “Шәрху усули сәләсә” 18.

‘Абдуллаһ ибн ‘Аббастан жеткен деректе алты мың хауәриждерден құралған топ халифа Али ибн Әбу Талибтен бөлініп шығып, «Харура» деген жерде қоныстанғаны туралы баяндалады. Ал адамдар Алиге келіп: «Йә, муминдердің әмірі, адамдар саған қарсы шықты!» – деп айтуын тоқтатпады. Ол бұған: «Оларды қойыңдар, өйткені, мен олармен, өздері бірінші болып бастамайынша, соғыспаймын, және олар жуық арада осыны істейді деп ойлаймын», – деп жауап беретін. Және барлығы осылайша болып тұрған кезде, Ибн Аббас бесін (зухр) намазынан кейін Алиге келіп: «Уа, муминдердің әмірі, рұқсат ет: мен ол адамдарға барып, сөйлесейін», – деді. Али оған: “Олар саған жауыздық жасайды деп қорқамын”, – деп айтты (1). Сонда Ибн Аббас: “Мен жұмсақтық танытамын және олардың ешқайсысын қорлап сөйлемеймін!” – деді. Содан соң Али оған рұқсат берді және: “Олармен Құран арқылы айтыспа, Сүннет арқылы айтыс”, – деді. Ибн Аббас: “Мен Аллаһтың Кітабын олардан жақсы білемін!” – деп жауап берді. Сонда Али оған: “Дұрыс, алайда Құранды әртүрлі тәпсірлеуге болады”, – деді (2).

Ол хауәриждерге түстен кейін келіп жетті және оларды түскі тамақтың үстінде кездестіріп үлгерді. Ибн Аббас былай деп баяндаған: “Оларға келіп, мен ғибадатта олардан ыждағаттырақ болған адамдарды ешқашан көрмеген адамдарды көрдім (3). Олар мені көріп, былай деді: “Сенімен амандасамыз, уа, Ибн Аббас. Сені бізге не алып келді?” Ол: “Мен сендерге Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан – мухаджирлер мен ансарлардан, және оның көкесінің баласынан келдім. Құран оларға түсірілді және олар оның мағынасын сендерден жақсырақ біледі, ал сендердің араларыңда олардың біреуі де жоқ! (4) ” – деді.

Олардың кейбіреулері: «Онымен сөйлеспеңдер!» – деп айқайлай бастады. Сонда сол кезде әлі хауәридж болып жүрген Ибн әл-Кәуә орнынан тұрды да, адамдарға қарап, оларды Ибн Аббастан сақтандырып: “Уа, Құранға ілесушілер! Егер бұл Ибн Аббасты біреулер білмесе де, оны мен білемін, міне дәл соның халқы туралы Аллаһ былай деді: «Олар – керісуші адамдар болып табылады» (әз-Зухруф 43: 58). Оны қожайынына қайтарыңдар және Аллаһтың Кітабынан қайтпаңдар!” – деді. (5)

Ал басқалары (Ибн Аббасқа) былай деді: “Айта бер, біз сені тыңдаймыз”. Және сонда Ибн Аббас оларға Алидің келесі шарттарын жеткізді: “Сендер харам етілген қанды төкпейсіңдер, жолдарда қарақшылық жасамайсыңдар, және зиммийлерді жәбірлемейсіңдер. Және осыдан бір нәрсені істесеңдер, біз сендерге қарсы соғыспен шығамыз!”(6)

Сондай-ақ, Ибн Аббас оларға былай деді: “Маған сендер Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) немере інісін, сондай-ақ оның қызының күйеуін бір нәрселерде күнәлап жатырсыңдар деген хабар жеткізілді. Ол Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы иман келтірген адам еді, ал сендер оған наразысыңдар ма?! Шынымен де солай ма?!”

Олар: “Біз оған үш нәрсе үшін өте наразымыз“, – деді.

“Қандай?” – деп сұрады Ибн Аббас.

Олар: “Біріншіден, ол адамдарды Аллаһтың дінінде үкім шығарушылар етіп тағайындады, ал Аллаһ: «Үкім тек Аллаһқа тән», – дейді. (7) (әл-Ән’ам 6: 57).

Екіншіден, ол Муъауия және Айшамен соғысқан кезде, олжамен тұтқын алмады. Егер олар кәпір болған болса, онда бұл рұқсат етілген еді, ал егер олар мумин болған болса, онда тұтқын алуға да, олармен соғысуға да рұқсат етілмеген еді!

Үшіншіден, мұсылмандар оған ант беріп, оны өздерінің әмірі етіп тағайындаса да, ол өзінен муминдердің әмірі (амируль муъминин) деген атақты алып тастады, ал егер ол муминдердің әмірі болмаса, онда ол кәпірлердің әмірі болып табылады! ” – деді.

Абдуллаһ: “Тағы сұрақтар бар ма?” – деп сұрады. Олар: «Жоқ, осы жеткілікті!» – деді.

Ибн Аббас: “Егер мен сендердің көзқарастарыңды Аллаһтың Кітабы және Пайғамбардың Сүннетімен (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) (8) жоққа шығарсам, сендер өз пікірлеріңнен бас тартасыңдар ма?!” – дегенде, олар: “Ия”, – деп жауап берді.

Абдуллаһ сонда былай деді: “Ол адамдарды Аллаһтың дінінде үкім шығарушылар етіп тағайындауына байланысты айтар болсақ, онда Аллаһ Тағала: «Әй мүміндер! Сендер ихрамда аң өлтірмеңдер. Сендерден біреу оны қасақана өлтірсе, оның жазасы – өлтіргеніндей бір мал, оны сендерден екі әділ кісі Кағбаға баратын бір құрбанды үкім етеді», – деп айтады ғой. (әл-Мәида 5: 95).

Аллаһ Тағала, сондай-ақ, ері мен әйелінің арасындағы келіспеушіліктер туралы былай деді: «Егерде екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Аллаһ та екеуінің арасын үйлестіреді». (ән-Нисә 4: 35).

Аллаһпен сендерге жалбарынам! Айтыңдаршы, адамдардың қанына, өміріне және оларды табыстыруға қатысты адамдардың үкім шығаруы (осылардан) маңыздырақ емес пе?!”

Олар: “Әрине, маңыздырақ“, – деді.

Ибн Аббас: “Қалай, енді бірінші мәселе бітті ме?” – деп сұрағанда, олар: “Ия, Аллаһпен ант етеміз”, – деп жауап берді.

Абдуллаһ былай деп жалғастырды: “Сендер: «Али соғысты, бірақ ол Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істегендей тұтқын да, олжа да алмады», – дедіңдер. Сонда сендер күң ретінде сендердің аналарың Айшаны алып, оған күңге қатысты істегеңдеріңді істейін деп едіңдер ме?! Егер сендер: «Ия», – деп айтсаңдар, онда күпірлікке түсесіңдер, ал егер сендер Айша – аналарың емес деп айтсаңдар да, күпірлікке түсесіңдер, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Пайғамбар муминдерге олардың өздерінен жақын, ал оның жұбайлары – олардың аналары». (әл-Әхзаб 33: 6).

Кейін Абдуллаһ былай деді: “Қалай, енді мұнымен де іс бітті ме?”

“Ия, Аллаһпен ант етеміз ”, – деп жауап берді олар.

Абдуллаһ өз сөзін жалғастырды: «Сендер, сондай-ақ, Али өзінің муминдердің әмірі деген атағынан бас тартты дедіңдер. Худайбия бітімі жасалған күні Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылдармен жасасқан келісім-шартта «Мухаммад – Аллаһтың Елшісі» деп жазғысы келгенде, мушриктер наразы болып: «Егер біз сенің Аллаһтың Елшісі екендігіңе сенгенде, сені қуып жібермейтін едік және сенімен соғыспайтын едік. «Мухаммад ибн Абдуллаһ» – деп жаз», – деді. Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) олардың талаптарына көніп: «Әй, Али, мұны өшір де, «Абдуллаһтың ұлы Мухаммад» деп жаз, ал Аллаһ мен – Аллаһтың Елшісі екенімді біледі!» – деді».

Осыдан кейін Ибн Аббас: “Қалай, мұнымен де біттік пе?” – деп сұрағанда, олар: “Аллаһпен ант етеміз, ия”, – деді.

Ибн Аббас былай деді: “Олардан (хауәридждерден) екі мың адам қайтты, және адасуда қалғандары өлтірілді. Және оларды мухаджирлер мен ансарлар өлтірді”. (9) Әхмәд 1/621, ‘Абдур-Раззақ 10/157-158. әл-Хаким 2/150-152, әт-Табәрани 10/312-314, әл-Байхақи 8/309, Ибн Са’д 3/231. Бұл деректің барлық риуаяттары сахих болып табылады.

Сондай-ақ, білім иелерінің дінді дұрыс түсінуге көмектесуінің мысалы болып – ‘Уруа ибн әз-Зубәйрдың басынан өткен мына оқиға табылады: Ол былай деп баяндаған: “Бірде мен – сол кезде мен жас едім – Айшадан мына аят жөнінде сұрадым: «Ақиқатында, Сафә мен Мәруа – Аллаһтың рәсімдік белгілерінен. Және кім Қағбаға қажылық немесе умра жасаса, олардың арасын айналып өтсе – күнәхар болмайды». (әл-Бәқара 2: 158). “Сен бұл жөнінде не айтасың? Мен бұл екі төбенің арасын (Сәфә мен Мәруа) айналып өтуді жасамауда оқа көріп тұрған жоқпын”. Ол былай деп жауап берді: “Жоқ! Егер бұл осылай болғанда, онда: «Оларды айналып өтпеген – күнә жасамайды», – деп айтылар еді. Бұл аят Исламға дейін Қажылығын Мәнәт деген пұттың алдынан бастайтын, ал Ислам келгеннен кейін олар Сәфә мен Мәруаның арасын айналып өтуден қауіптенетін ансарлар жөнінде түскен. Олар не істеуін білмеді және бұл жөнінде Пайғамбардан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл жөнінде сұрады, және Аллаһ осы аятты түсірді ”.

‘Уруа ибн әз-Зубәйр ең жақсы табиғиндердің бірі және Мәдинаның ең атақты жеті фәқиһтарының (10) бірі болып саналатындығына қарамастан, бұл аятты дұрыс түсінбеді. Ал мұны оған одан көбірек білімге ие болған Айша түсіндірді!

Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлімінен кейін зекет төлуден бас тартқандардың жағдайы да осылай, өйткені олар Аллаһ Тағаланың мына сөздеріне сүйенді: «(Мұхаммед ) олардың малдарынан садақа ал (11), ол арқылы оларды тазартып, ұлықтау үшін». Олар бұл әмір тек Пайғамбарға (Аллаһтыңоған игілілігі мен сәлемі болсын) қатысты деп ойлады. Бұл адамдар араб тілін жетік білді, бірақ білім иелеріне жүгінбегендігінен адасушылыққа түсті. Сол үшін Әбу Бәкр олармен, олар зекетті қайта төлеп бастамайынша, соғысты!

Ғалымдар дінді дұрыс түсінуге көмектесетін осындай мысалдар Исламда өте көп.

Ибн Уәхб былайдейтін: “Егер мен имам Мәлик пен имам әл-Ләйс ибн Са’дты көріп үлгермегенімде, адасушылыққа түсер едім!” “Шәрх әл-Мууәтта” 1/29.

Ескертпелер:

(1) Қиянатшылдық – хауәридждердің сипаттарының бірі болып табылатын еді және болып табылады да. Олар мұсылмандарды өлтіруде еш проблема көрмейді және осы себептен Али Ибн Аббас үшін қорықты. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай дейтін: “Хауәридждер мұсылмандар үшін яхудилер мен христиандардан да жаман. Олар өздерімен келіспейтін мұсылмандарды өлтіруде ыждағаттылық көрсетеді. Олар мұсылмандардың қанын төгуді, олардың мал-мүлкін тартып алуды, олардың балаларын өлтіруді және оларды күпірлікте айыптауды рұқсат етеді!” “Минхаджу-Ссунна” 5/248.

Хафиз Ибн Касир хауәридждер Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Абдуллаһ ибн Хаббәбты оның жүкті болған әйелімен бірге тұтқынға алғанын баяндаған. Олар одан: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Ол: «Мен – Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Абдуллаһ ибн Хаббәб, сендер маған қорқыныш ұялатудасыңдар», – деді. Олар оған : «Қам жеме. Бізге өзіңнің әккңнен естігеніңді айтып берші», – деді. Ол: «Мен әкемнің: «Мен Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бүліктердің уақыты келеді, ол кезде отырушы адам тұрып тұрғаннан, тұрып тұрған жүріп баратқаннан, жүріп баратқан жүгіріп баратқаннан жақсырақ болады», – деп айтқанын естігенмін», – дегенін естідім», – деді. Кейін олар оны байлап тастап өзімен бірге алып жөнелді. Жол-жөнекей олар бір зиммийге* тиісті болған доңызды көрді. Олардың біреуі оны қылышымен ұрып, терісін кесіп тастады. Басқасы оған: «Сен не үшін былай істедің? Ол зиммийдің малы ғой!» – деді. Кейін ол доңызыдың иесіне барып, оны разы болған күйінде қалдырмайынша онымен жұмсақ түрде әнгімелесті. Сондай-ақ, олардың біреуі ағаштан түскен құрманы алып жей деп жатқанда, басқасы оған: «Сен мұны рұқсат сұрамай және ол үшін ақша төлемей алдың!» – деді. Ол сол кезде оны бірден ауызынан шығарды. Алайда мұның барлығына қарамастан, олар Абдуллаһ ибн Хаббәбты сойып тастады, ал оның әйелінің: «Мен – жүкті әйелмін, сонда сендер Құдыретті Аллаһтан қорықпайсыңдар ма?» деген сөздеріне қарамастан, басын шауып, қарнын жарып, ішіндегі баласын лақтырып тастады». “әл-Бидая уә-ннихая” 10/583.

Хауәридждердің іс-әрекеттеріне назар салыңыздар! Олар екінші дәрежелі істерде тақуалық танытады да, ал мұсылманды өлтіру сияқты ұлы қылмыста олар немқұрайлы болады. Аллаһ оларға лайықты жазасын берсін!

*Зиммий – мұсылман жерлерінде өмір сүретін және джизья (салық) төлейтін кәпір. Джизья балалардан, әйелдерден, қарттардан, еш нәрсесі жоқ кедейлерден, ақыл-ессіздерден және ауырулардан алынбайды. “Әхкәму әһли-зиммә” 1/43-51, Ибн әл-Қайим.

(2) Сүннетке жүгінбей Құранды толық түсіну мүмкін емес, өйткені, егер Құранның өзі ғана жеткілікті болатын болса, Аллаһ Тағала Өзінің Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны түсіндіруді бұйырып, былай деп айтпаған болар еді: «Саған да адамдар үшін түсірілгенді түсіндірерсің деп, Құранды түсірдік». (ән-Нәхль 16: 44). Құранды түсінудегі Сүннетті елемеу – көптеген секталардың адасуының себебі болды. Әбу Нәдр Имран ибн Хусайн деген сахаба Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін айтып жатқан кезінде олар оның жанында болғанында, бір адам өзінің наразылығын білдіріп: «Одан да бізге Аллаһтың кітабы туралы айтқаның жақсы», – дегенді баяндайды. Сонда Имран ашуланды да: «Ақиқатында, сен – ақымақсың! Аллаһ Құранда зекетті атап өтті, ал онда екі жүз дирхамнан бесеуін төлеу керек деген нұсқау қайда?! Намазды атап өтті, ал бесін намазы төрт ракағаттан тұрады деген нұсқау қайда?! Қағбаны айналуды (тауафты) атап өтті, ал айналулар жетеу деген нұсқау қайда?! Ақиқатында, мұның барлығын Сүннет тәпсірлеп түсіндіреді!» – деді.” әл-Әджурри “әш-Шәри’а” 104. Иснәді сахих.

(3) Адамдарды бірінші кезекте олардың сенімдеріне сәйкес бағалау керек, ал басқа артықшылықтары кейіннен келе береді. Егер адамдарды олардың ыждағатты түрде ғибадат жасауына байланысты бағалау қажет болғанда, онда хауәриждердің деңгейін сахабалардың деңгейінен де көтермелеп жіберу керек болар еді, өйткені Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, сендердің намаздарың, олардың намаздарымен салыстырғанда, және сендердің оразаларың, олардың оразаларымен салыстырғанда, сендерге болмашы болып көрінеді». Муслим 1064. Алайда, іс жүзінде бәрі басқаша. Өйткені, хауәридждер мұсылмандардың алғашқы бүлігінің және бөлінуінің себепшілері болды. Ақиқатында, дұрыс сенімдердің ізінен ғана ізгі амалдар жалғасады. Және дәл осы сипат әһлю-Суннәдан болған шынайы мұсылмандарды әртүрлі ағымдар мен жамағаттардан ерекшелейді.

(4) Тура сол сияқты адасқан секталардың және ағымдардың құрамында ешқашан ғалымдар болмаған және ешқашан болмайды да! Хафиз Ибн Раджаб: “Бидъаттар пен адасушылықтардың жақтаушыларына келер болсақ, олар ғалымдарға ұқсағысы келеді, бірақ, олар ғалымдардан емес. Олардың надандығын ашып көрсету және адасушылықтарын әшкерелеу рұқсат етілген, өйткені сол арқылы оларға ілесуден сақтандыру үшін ”, – деп жазған. “Фәрқ бәйнә ән-нәсыха уә әт-та’иир” 33.

Ибн ‘Аббастың бұл сөздерінде, сондай-ақ, дінді пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары түсінгендей түсіну маңыздылығына нұсқалады.

(5) Бұл да – хауәридждердің сипаттарының бірі – өздерін ғалымдарға мұқтаж емес деп есептеу және олардың маңызың кеміту.

(6) Хауәридждер оларды бұзатын жағдайда, Али ибн Әбу Талиб олармен соғысатындығын білдірген шарттарға назар аударыңыздар! Ал біздің уақытымызда көптеген мұсылмандар жердің түкпір-түкпірлерінде джихадтың атымен дәл осыларды істеп жүр емес пе?! Мұсылмандар мұсылмандардың өздерін, әйелдерді, балаларды және қауіпсіздік кепілдігін алып, мұсылмандардың жеріне кірген кәпірлерді өлтіріп жүр емес пе; немесе кәпірлердің мал-мүлкін тартып алып, сонысын рұқсат етіледі деп жүр емес пе?! Мұның барлығының джихадқа еш қатысы жоқ, ал Аллаһ және Оның Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұндай бұзақылықтан алшақ.

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім муахадты (мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді) өлтірсе, Жәннәттың хош иісін де сезбейді, ал оның аңқыған иісі қырық жылдық жол қашықтығынан сезіледі». әл-Бухари 2995.

Ибн Хаджәр былай деп жазған: «Хадисте мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы сөз болуда, мейлі ол – джизья төлеу, әмірмен бітім, немесе мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (амән) болсын». “Фәтхуль-Бәри” 12/259.

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын), сондай-ақ, былай деді: «Ақиқатында, адамға қауіпсіздік кепілдігін беріп, кейін оны өлтіргенге, тіпті өлтірілген – кәпір болса да, менің қатысым болмайды!» Әхмәд 5/223. Ибн Мәджәһ 2/896. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Бусайри және шейх әл-Әлбәни растаған.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деді: “Қауіпсіздік кепілдігін кез-келген кәпірге беруге болады, және мұны кез-келген мұсылман істей алады!” “Саримуль-мәслюль” 95.

Сондай-ақ, мұсылман әйел де қауіпсіздік кепілдігін бере алады. Меккені алғаннан кейін Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның тұрғындарын өлтіруге және олардан өш алуға тыйым салды, мұсылмандарға қатысты өздерінің оңбағандылығымен және қиянатшылдығымен ерекше танылған бесеуінен басқа. Ал ол бесеуін, олар тіпті Қағбаның көлеңкесінде кездессе де, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруді бұйырды. Міне, Ибн Хубәйр – сол бесеудің біреуі еді. Ал Умм Ханидің бауыры Али оны көріп қалып, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын орындау үшін ізінен қуып жөнелген кезде, Ибн Хубәйр Умм Ханидің үйіне кіріп кетіп, одан пана сұрады, ал ол, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) әмірі туралы білмей, оған оны берді. Кейін ол өзі Аллаһтың Елшісімен (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеспейінше, оған тиісуге тыйым салды. Имам әл-Бухариден келген хадисте Умм Хани Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) кіріп: «Уа, Аллаһтың елшісі, менің бауырым (Али) мен өзімнің қорғауыма алған Хубәйрдің ұлын өлтіремін деп жатыр!» – дегенде, Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Уа, Умм Хани, сен өзіңнің қорғауыңа алғанды біз өзіміздің қорғауымызға аламыз», – деді әл-Бухари 357.

Егер тіпті әйелдің берген қауіпсіздік кепілдігі есепке алынып, осы кәпірдің қаны мен мал-мүлкі басқаларға харам етілген болса, онда мемлекет беретін өз еліне кірердегі кепілдігінің орындалуы туралы не айтуға болады?!

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Барлық мұсылманның қаны тең дәрежеде құнды, ал олардың ең ықпалсызы берген кепілдігін өзгелердің барлығы орындауға тиіс». Әбу Дауд 2751, Ибн Мәджәһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадис сахих, бұл жөнінде шейх әл-Әлбәни айтқан.

Умар ибн әл-Хаттаб былай деді: “Егер мұсылман оған: «Қорықпа», – десе, ол оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Және егер ол оған: «Лә тадхәл», – десе де, ол оған қауіпсіздк кепілдігін берген болады. Ақиқатында, Аллаһ барлық тілдерді біледі!” Абдур-Раззақ 5/219, Са’ид ибн Мәнсур 2599.

«Мәттарс» және «Лә тадхәл» – парсылар мен эфиоптардың тілдерінде «қорықпа» дегенді білдіреді.

Имам Әхмәд және Ибн Таймия былай деген: “Кәпір өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі деп түсінген кез-келген нәрсе оған қауіпсіздік кепілдігін беретіні Сүннетте келген!” “әл-Инсаф” 10/348, “Бәяну-ддәлиль” 64.

Имам Ибн Мунасыф былай деді: “Дұшпан өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі (амән) деп түсінген кез-келген тілдегі кез-келген нәрсе, мейлі ол – сөз болсын, мейлі – жазу, немесе ым болсын, оған бұл кепілдікті береді, тіпті мұсылман осыны меңземеген болса да!” “әл-Инджәд” 2/45.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде мына нәрсе айқын болады: мұсылмандардың еліне кіріп жатқан кәпірдің төлқұжатына қойылатын виза оған қауіпсіздік кепілдігін береді. Және осыда ешқандай күмән жоқ.

Міне дәл осы – кәпірлердің елінде өмір сүріп жатқан, немесе виза, яки кіруге рұқсат алып сол жерге келген мұсылмандарға да қатысты болады. Оларға бұл кәпірлерді өлтіруге, олардың мал-мүлкін тонауға тыйым салынады, өйткені, мұның барлығы – қиянатшылдық және қауіпсіздік кепілдігін (амәнды) бұзу болып табылады. Мұның, кейбіреулер «Ақиқатында, соғыс – бұл алдау» деген хадисті дәлел ретінде пайдаланып, айтып жүрген, қулыққа еш қатысы жоқ. Егер кәпірлер мұсылмандарды өздерінің еліне кіргізген болса, онда осының өзі-ақ оның олармен келісім-шартқа отырғанын білдіреді, тіпті бұл сөйлесілмеген болса да.

Имам Ибн Джәузий “әл-Қауәнинуль-фиқхия” еңбегінде былай дейді: “Қауіпсіздік кепілдігін бұзу мен әскери қулықтың арасындағы айырмашылық – қауіпсіздік кепілдігі дұшпандарға қауіпсіздікке деген сенімділік ұсынады. Ал әскери қулық – әскери құпияларды жасыруға арналған шаралар болып табылады. Бұл шаралар дұшпанды жаңылыстырады және оны қарсыласы шегініп жатыр, немесе соғысқысы келмей жатыр деген қате ойға салады. Бұл – дұшпанды абайсызда қалдырып, оның үстіне түсу үшін жасалады. Әскери қулықтың түрлеріне – (қарсыластың) назарын негізгі мақсаттан басқа жаққа аударып алып кету мақсатында (белгілі бір іс-әрекетті) симуляциялау, дұшпанның қатарына бөлінушілік салу, торуылдар ұйымдастыру, ұрыс барысындағы тактикалық шегіну т.б. жатады. Оған (әскери қулыққа) – өзіңді солардың бірі деп көрсету, дұшпанның дінін өтіріктен ұстану, дұшпан алдында ықыласты кеңесші ролін ойнап, сол арқылы дұшпанның сенімін пайдаланып, қиянатшылдықпен оны жәбірге ұшырату жатпайды. Бұл тәсілдерді қолдануға болмайды және олар – сатқындық болып табылады”.

Имам әл-Мәрғинәни “әл-Хидая” кітабында былай деді: “Егер мұсылман адам дұшпандардың еліне саудагер ретінде кіріп барса, ол сол елде қауіпсіздік кепілдігін алған мұсылман сияқты болады. Оған олардың мал-мүлкіне және өміріне қол сұғуға болмайды, өйткені ол өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігінің есесіне оларға қарсы ешнәрсе істемейтініне кепілдік берді. Осыдан кейін олардың мал-мүлкі мен өміріне қол сұғу – қиянат болып табылады, ал қиянатқа тыйым салынған”.

Имам әш-Шәфи’и “әл-Умм” кітабында былай деді: “Егер дұшпандар мұсылмандардан біреуді тұтқынға алып, кейін оны азаттыққа жіберсе және қауіпсіздікпен қамтамасыз еткен болса, онда олардың берген қауіпсіздік кепілдігі – олардың өздеріне берілген қауіпсіздік кепілдігі де болып табылады, және оның оларды қиянатшылдықпен өлтіруіне және оларға сатқындық жасауына құқығы болмайды”.

Имам Ибн Қудама былай деді: “Кім дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген болса, олардың мал-мүлкіне қиянатшылдықпен қол сұғуына, немесе олармен өсімқорлықпен айналысуына құқығы болмайды. Олардың өздеріне қатысты қиянат туралы айтар болсақ, оған тыйым салынған, өйткені, олардың берген қауіпсіздік кепілдігі оларға қатысты сатқындық жасалмауын білдіреді. Тіпті, бұл шарттар сөзбе-сөз келісілмеген болса да, мұның мәні әрекеттің өзінен айқын болып тұр”. “әл-Муғни” 13/152.

Ал, кәпірлердің мал-мүлкіне келер болсақ, ол, джихад кезінен және кәпірлердің елі бағындырылғаннан кейінгі кезден басқа кезде, рұқсат етілмеген, бұл жөнінде хафиз Ибн Хаджәр “Фәтхуль-Бәри”- де (341) және Шәмсуль-Хакқ ‘Азым Абәди «‘Аунуль-Мә’буд»-та (7/318) айтып өткендеріндей.

Имам ән-Нәуәуи имам әр-Рафи’идің мына сөздерін жеткізген: “Егер адам дұшпан жеріне қауіпсіздік кепілдігімен кіріп барса, онда оған ол жерден қойма алуға рұқсат етілмейді, ол оны күштеп тартып алса да, жәй тауып алса да. Сондай-ақ, ол оларға тиісті болған нәрселерге қатысты қиянат жасай алмайды, ақиқатында, ол оларға тиістіні өздеріне қайтаруға міндетті!” «әл-Мәджму’» 6/51.

Шейх Ибн Баз басқаратын Тұрақты Комитеттің (әл-Ляджнәту-ддаима) ғалымдарына: «Кәпірлердің елінде өмір сүріп, осы елге зиян тигізу үшін мемлекеттен электр қуатын және суды ұрлауға болады ма?» – деп сұрақ қойылды. Сондай-ақ, оларға: «Электр қуатқа, газға, телефонға т.б. төлемақы төлеуден бас тартуға болады ма?!» – деген сұрақ қойылғанда, олар: “Бұған рұқсат етілмейді, өйткені бұл – адамдардың мал-мүлкін қақысыз жеу және сенімді бұзу болып табылады”, – деп жауап берді. «Фәтауә әл-Ләджнә» 23/441.

Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім муахадты (мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді) жәбірлесе, немесе оның құқықтарын шектесе, немесе оған оның мүмкіндіктерінен тыс нәрселерді жүктесе, немесе одан оның қалауынсыз бір нәрсесін алса, ақиқатында, Ақырет Күні мен оған қарсы куәлік етемін». Әбу Дауд 3/437, әл-Бәйхақи 9/205. Хадистің сахихтығын шейх әл-Әлбәни растаған. Бұл мәселеде барлық имамдар бір ауызды келісімде болған, және хауәридждерден өзге ешкім келісім-шартта болған кәпірдің қаны мен мал-мүлкін халәл демеген. Имам әш-Шәхристани былай деді: “Хауәридждер келісім-шартта болған, немесе джизья төлеген кәпірлердің қаны мен мал-мүлкін халәл деген. Және осыны істемейтіндерден бас тартуды міндетті деп есептеген!” “әл-Миләлю уә-ннихәл” 1/118.

Егер кәпірлерге қатысты шариғаттың үкімі осындай болатын болса, онда олар (хауәридждер) қаны мен мал-мүлкін халәл еткен мұсылмандар туралы не айтуға болады! Хафиз Ибн Абдуль-Бәрр былай дейтін: “Егер тіпті қауіпсіздік кепілдігі берілген жауласушы кәпірдің қаны харам болса, онда Аллаһтың қорғауында таңды аттыратын және күнді батыратын мумин туралы сен не ойлайсың?! Оған қатысты қиянатқа, немесе оның өлтірілуіне сен қалай қарайсың?!” “әл-Истизкәр” 14/84.

(7) Әбу Рафи’ былай деп баяндаған: «Хауәриждер Алиге қарсы қару алып шыққанда, олар: «Үкім Аллаһқа ғана тән!» «Үкім Аллаһқа ғана тән!» – деп үнемі қайталай берді. Ал Али: «Өтірікті тұспалдап, ақиқатты айтып жатыр!» – деді». Муслим 1774.

Біздің кезімізде де хауәриждердің соңынан ілескен адамдар сол аяттарды келтіріп, оларды басшылыққа алып, көптеген рұқсат етілмеген нәрселерді істеп жүр. Осының өзі – хауәриждердің Құранның аяттарын және хадистерді дұрыс түсінбейтініне нұсқайды, бұл жөнінде бізге Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) хауәриждер туралы: «Олар Құранды ол олардың жағында болады деп оқиды, ал ол оларға қарсы болады!» – деп айтты. Муслим 1066.

(8) Міне – Исламда не дәлел болып табылады – Аллаһтың Кітабы және Оның Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті!

(9) Біз Ибн‘ Аббастың хауәридждермен болған пікірталасыны туралы осы сенімді деректің мазмұнын жақсылап игеріп алу үшін бір неше рет қайталап оқуға кеңес береміз, өйткені онда ғалымдар одан алатын көптеген пайдалар бар.

(10) Фақих – фиқх мәселелерін жетік білетін ғалым.

(11) Имам ән-Нәуәуи Аллаһтың Құрандағы жолдауы үш түрге бөлінеді дейтін: Біріншісі – барлық иман келтіргендерге деген жолдау; Екіншісі – тек Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген жолдау; Үшіншісі – Пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген, бірақ, сондай-ақ, бүкіл үмметке де қатысты жолдау. “Шәрх сахих Муслим” 2/231.

Шейх ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад әл-Бәдрдің “Қандай ақыл-парасат және дін терактілерді джихад деп атай алады?! Уа, жастар, естеріңді жиыңдар!” кітабынан алынған