Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы

Сайтымыздың оқырмандарына танымалы дінтанушы Эльмир Кулиевтің «Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы» атты кітабын жариялауды бастаймыз.

Мейірімді Рахымды Аллаһтың атымен!

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Мухаммад Пайғамбарға оның отбасына және барлық ізгі сахабаларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Аллаһ Тағала адамдарға бұл дүниеде де, Ақыретте де бақыт пен есендіктің кілті болып табылатын Өзінің дінін түсірді. Раббымыз –жалғыз Жаратушы, және Ол Өзінің құлдарына не пайдалы екенін бәрінен жақсы біледі. Сондықтан да, Ол адамдарға барлық нәрседе – дінде және әдепте, экономикада және саясатта, отбасылық және қоғамдық қатынастарда Өзінің өте дана әмірлеріне ілесуді бұйырды.

Ислам бұл – адамдар Аллаһтың және Оның жаратылыстарының алдында өздерінің міндеттерін толыққанды орындаулары үшін оларға барлық жағдайды қамтамасыз ететін дін. Ал мұның кепілі болып – ізгі және парасатты жетекшінің басшылығының астында салиқалы қоғамды құру табылады. Ол Аллаһтың игілігіне ие болатындай етіп өзіне жауапкершілікті алуы және өзінің халқын алға жетелеуі қажет. Ал барлық мұсылмандар өздерінің әмірін қолдауға, оны құрметтеуге, оның ізгі бұйрықтарын орындауға, оған тек игілік тілеуге және ешбір жағдайда оның абыройына нұқсан келтірмеуге міндетті.

Халықты басқару – өте ұлы жауапкершілік

Халықты басқаруды өз қолына алу арқылы адам өз мойнына өте ауыр жүкті алады. Өйткені Қиямет Күні әрбір адам өз билігінде, немесе қарамағында болғандардың барлығы үшін жауап береді. Жанұя басшысы өзінің әйелі және балалары үшін жауап береді. Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылардың барлығы үшін жауап береді. Бұл жөнінде Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын):
«Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Ері – жанұяда бақташы және өз отбасы үшін жауапты. Әйелі – ерінің үйінде бақташы және ол үшін жауапты. Қызметші – өз қожайынының дәулетіне бақташы және оған жауапты. Бала – әкесінің дәулетіне бақташы және ол да оған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы, және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты». (Әхмәд, Әбу Дауд, әт-Тирмизи; әл-Әлбәни хадистің сахихтығын растады).
Алайда әрбір адамның өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күші келе бермейді. Мүмін адам Раббысынан қорқып, жауапкершілікті өзі іздемеуі керек, алайда егер халық оған билікті сеніп тапсырса, ол барлық істе әділ және Құдайдан қорқушы болуы үшін бар күш-жігерін сарп етуі қажет.

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Уа, Абд әр-Рахмән, өзіңді әмір етіп тағайындауды сұрама, өйткені сені сұрауың бойынша әмір етіп тағайындаса, осы лауазым үшін жауап бересің. Ал егер сені осысыз (сұрауыңсыз) тағайындаса, онда саған осыда (әмірлікті атқаруда) көмек көрсетіледі». (әл-Бухари және Муслим).

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Аллаһпен ант етемін, біз бұл лауазымға сұранғанды да, оны көксегенді де тағайындамаймыз». (әл-Бухари және Муслим).

Бірде Әбу Зарр Аллаһтың Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Осы лауазымға мені тағайындасаң қандай болар екен?» – деді. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның иығынан қақты да, былай деді: «Уа, Әбу Зарр, сен әлсізсің, ал бұл – жауапкершілік. Қиямет күні ол масқаралық пен абыройсыздық әкеледі және бұл лауазымды қақылы түрде алғаннан және өзінің міндеттерін орындағаннан өзгелердің барлығы үшін өкініш туғызады». (Муслим).